Денсаулық сақтау министрі емдеу мекемелерін аралады

Қарағанды облысына арнайы жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова келді. Өңірдегі әлеуметтік саланың әлеуетімен танысуға келген үкіметтік құрам қатарында сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев болды. Аталған жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бірқатар медициналық нысандарды аралады. Ведомство басшысы кенді өңірдегі емдеу мекемелерінің жұмысымен танысып, Сәтбаев қалалық емханада жиын өткізді.

Елжан Біртанов алдымен Жезқазған қаласының емдеу мекемелеріне бас сұқты. Атап айтқанда, ірі медициналық мекеме Жезқазған Медициналық орталығында болды. Сондай-ақ, кеңестік-диагностикалық орталықты аралады. Жезқазған орталық ауруханасының бөлімдерін тексеріп, жекелей-мемлекеттік серіктестік негізінде ашылған нейробиологиялық орталықтың жұмысын пысықтады.

Министрдің жұмыс сапары Сәтбаев қаласында жалғасын тапты. Қалалық емхана жұмысын Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев таныстырып отырды. Елжан Біртанов емдеу мекемесінің медициналық қоймасының жай-жапсарын тексеріп, емхананың еңбек ұжымымен де кездесті. Аймақтағы медициналық ұйым басшыларының қатысуымен өткен жиын барысында министр денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағдарламаларды іске асыру тетіктерін түсіндіріп, стационарлық қызметті оңтайландыру, алғашқы медициналық көмек көрсету жайларына тоқталды. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы оның ішінде медицина мамандарының жалақысы маусым айынан бастап 30 пайызға арттырылатынын мәлімдеді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.