Бір салада танысып, табысқандар

«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйелдер. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі» деп жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, бүгінгі күннің тың, өзгеше үрдісі қазақ әйеліне мүлде бөлекше, жаңа заманауи талаптар мен жауапкершілік жүктеп отыр. Олар тек тұрмыста жақсы әйел атанып қоймай, өндіріс пен ғылым, әдебиет, өнер, спорт саласының дамуына барынша үлес қосуда. Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінде де ерлермен бір сапта еңбек етіп, сүйікті кәсібі арқылы өмірлік жарын адаспай тапқан арулар жетерлік.

Гаухар мен Самрат

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Гаухар Жүнісова Арқалық қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институтының түлегі. Заң саласында еңбек жолын 2008 жылы Сәтбаев қаласындағы Полиция бөлімінде бастап, болашақ жары Самрат Бұхарбаевпен сол кезде танысады.
– Қала ішінде қоғамдық тәртіпті қадағалау барысында кезекшілікке бірге түстік. Бұл 2009 жыл болатын. Самрат өте кішіпейіл, ақкөңіл жігіт. Әрдайым қамқорлық танытып жүретін. Жұмыс барасындағы сыйластық достыққа, кейін махаббатқа ұласты. Бір жылдан кейін отау құруға шешім қабылдадық. Көп ұзамай ұлымыз Дамир дүниеге келді. Сәбиге барлық қасиет пен құт, тәрбие мен өнеге анадан, ана сүтінен дариды ғой. Тіл де, діл де ананың берекесі мол рухани әлемі мен аялы алақаны арқылы жүрекке жол тауып, санаға сіңеді. Мен де ата-енеме құрмет көрсетіп, келіндік иба білдіріп, қайын аға мен қайындарыма ат қойып, қонақ келгенде бөлекше ілтипат жасауға тырысамын. Себебі, өзімді бақытты әйелдердің қатарына жатқызамын, – деген Гаухардың жолдасы Самрат Бұхарбаев бүгінде Пробация қызметінің аға инспекторы, юстиция аға лейтенанты. Сүйікті жарымен үйде де түзде де бірге екендігіне ол да разы.

Айдана мен Нұрбол

Іргелі елдіктің мәйегі мен ұлттық болмыс-бітім Отан ұғымымен пара-пар дүниелер, әрине. «Отаншылдық отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Мыңдаған отбасы қазақ қоғамын құрап, түтін түтетуде. Ал, отбасының береке-құты мен ұйытқысы, тағы айналып келіп қазақ әйелінен бастау алады. Бұл ретте жас келін Айдана Болатқызының көкейге қонымды, ұтқыр сөздері көңілден орын алып, ой салады.
Ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Айдана Болатқызы Талдықорған қаласының тумасы. Жолдасы Нұрбол Дарханұлымен Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында қатар оқып, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрді. Бірін-бірі құлай сүйген екі жас қолдарына диплом тие салысымен қолұстасып Сәтбаев қаласына аттанды. Ағайын-туыстың басын қосқан ұлан-асыр тойдан соң еңбек жолын бір мекемеде бірге бастады. Полиция лейтенанты Нұрбол Жансамат бүгінде учаскелік полиция инспекторы ретінде өнімді еңбек етіп жүр. Екі жастың алға қойған мақсаты биік.
– Қазіргі замандағы қазақ қызы мәдениетті, әлеуметтік ортаға бейім, қоғамдық орында белсенді бола отырып, отбасының амандығы басты басымдық екендігін білуі тиіс. Күйбең тіршіліктің салдарынан аналарымыз балаға тәрбие беруге дәрменсіз болмаса екен. Не уақыты, не құндылығы жоқ отбасылардың мәдениетіміздің мәйегі болудан қалары сөзсіз. Ошағын сақтаудың орнына оңай ажырасып, бала туудан қашып, үй шаруасынан безу фактілері әйел тәрбиесінің тоқырауға ұшырауының бір көрінісі. Осының алдын алып, өзіміз де көпке үлгі боларлықтай отбасы атануға тырысудамыз, – деген Айдана мен Нұрболдың асқаралы арманы орындалары сөзсіз.

Алмагүл мен Данияр

– Қазақта «Жігіттің жақсы болуы нағашысынан» деген сөз бар. Түп мәніне үңілсек, ата-бабаларымыз анасының, жұбайының қадір-қасиетіне, оның шыққан тегіне ерекше мән берген. Мұның өзі қыз баланың ұрпақ өрбітудегі орнының жоғары, жауапты екендігін танытады. Қазақ халқының болмысындағы, дүниетанымындағы бар игі қасиеттерді тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін баласынан немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы әйел ана деп саналған. Мен де Алмагүлдің бойынан осы қасиеттерді байқадым, – дейді жол патрульдік полиция инспекторы, кіші лейтенант Данияр Сердалинов.
Ақпараттық-аналитикалық тобының технигі, аға сержант Алмагүл Мәуленқызы Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университетінің түлегі. Екі жас студенттік шақта мейрамханада бірге даяшы болып жұмыс істейді. Дипломды қолға алғаннан кейін бір мекемеге бірге орналасады.
– Тағдырдың жазуы деген осы болар. Данияр маған әрқашан қамқорлық танытып жүретін. Қиналған сәттерде қолұшын беруге дайын тұратын. Алланың жазуымен өткен жылы заңды түрде некеге отырып, тойымызды жасадық. Таңдаған мамандығымыз да, өмірге деген көзқарасымыз да, ойымыз да бір. Осының өзінде бір тылсым күш, табиғи заңдылық жатқан сияқты. Осындай адамға жолықтырған Жаратушыға дән ризамын, – дейді Алмагүл.

Бір салада танысып, табысқан жастарға қарап қазіргі қоғамдағы әйел ананың орны мен рөлінің айқындалып, беки түскендігін танығандай болдық. Олай болса, рухани тазалықтың биігінен көрінуге талпынып, ақылымен отбасы мен қоғамның ұйытқысы болған қазақ жастарының қатары арта түскей.

Комментарии закрыты.