Ғажайып мұраны дәріптеген

Халық әндерін қайта жаңғыртып, қазақ композиторларының патриоттық, оған қоса лирикалық шығармаларын, Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Естайлардың ғажайып мұрасын халық арасында сәтті насихаттап жүрген әуесқой әнші Кенжекүл Алтыбаеваны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Оның халық әндерін қаз-қалпында нақышына келтіріп шырқауында бабалар аманатына беріктігі жатса керек-ті.

Жаны өнерге жастайынан құмар болды. Бес жасында домбырада ойнап, мектеп қабырғасында жүргенде ән сала бастады. 1982 жылы Никольский мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, кәсіби тұрғыда өсе түсті. Мәдени ағарту қызметкері мамандығын алғаннан кейін шығармашылық ізденісі артып, қоржыны жаңа әндермен толықты.

– Өнерге іңкәрлік әкем Смағиядан жұққан. Ол кісінің қолында домбырасы жүретін. Шыныкүл деген апамыз екеуіміз Қаракеңгір ауылында мәдениет үйінің сахнасынан түспейтінбіз. Жиын-тойдың көркі болдық. Кейін Нұрлан деген өнерлі азаматқа тұрмысқа шықтым. Ол ауылдық жерлерде той басқарып, мен ән салып, әрі қарай өнерімізді өрістете түстік. Шынымды айтсам, терме-өсиет, нақыл сөздердің, сондай-ақ, жыраулар поэзиясының құндылығын, дәстүрлі өнер үлгілерінің қандай болатындығын, әннің қалай басталып, шырқау шегіне қалай көтерілетіндігін, немен аяқталатындығын, қандай түрі бар екендігін алғаш жеңгем Кәримадан үйрендім. Ол кісі Оралдың қызы еді. Бұрын-соңды естімеген ән-термелерді бойыма сіңірдім, – деген Кенжекүл апай екі ұл, бір қыздан үш немере сүйіп отырған аяулы ана, асыл жар. Бүгінде №31 «Балапан» балабақшасында тәрбиеші ретінде он жылдан аса жемісті еңбек етіп келеді.

– Ұдайы жаңа әндерді тыңдап отырамын. Қазіргі таңда халқымыздың біршама жауһар әндері репертуарымда бар деп айта аламын. Кейінгі буын үлгі тұтар өнегесі бар ұжымда еңбек ететіндіктен мәдени шараларда көпшіліктің сұрауымен қолыма домбыраны алып, шырқай жөнелемін, – деген әнші апайымыз әңгіме барысында қандай қоғамдық мәселелердің алаңдататындығын да айта кетті.

– Мәдениет қай салаға болмасын керек дүние деп есептеймін. Сол мәдениетке, мәдени қызметкерлерге деген қолдау кейінгі жылдары артып келеді. Оны өнерді сүйген жастарға қарап білуге болады. Қазір ұжымдағы жастарға жол көрсетіп жүрмін. Қазақтың ұлттық өнерін, салт-дәстүрін насихаттап қана қоймай, сіңілілеріме үлгі етемін. Ғасырлар қойнауынан бұзылмай жеткен дәстүрді жалғастырып, жандандырудамын.

«Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме, данышпан Абай. «Сегіз қырлы, бір сырлы» болуға тырысып, бастысы нені оқыды, алдыңғы толқынның аманатын санаға қалай түйді, соны қаз-қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізуге тырысып жүрген Кенжекүл Алтыбаева осындай адам.

Комментарии закрыты.