Баланы қырқынан шығару

Қазақ халқының салт-дәстүрі халықтың тіршілік көзіне, наным сенімі мен өмірге деген көзқарасына байланысты қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Соның ішінде жаңа туған ана мен баланың жайына тоқталғым келіп отыр. Сәбиді қырқынан шығару дүниеге келгеніне қырық күн толғанда атқарылатын наным-сенімге негізделген дәстүр. Қазақта қырық санына қатысты ұғымдар мен түсініктер қалыптасқалы қашан. Барлығын біле бермейміз. Нәрестені қырқынан шығарудың не құпиясы бар? Аз-кем ой жүгіртіп көрейікші…

Әуелгі тірлігімізде қалыптасқан тұрақты тіркестерді еске түсірейік. «Қырық шырақ», «Қырық парыз», «Қырық рәкат», «Қырық өтірік», «Қырық қадам», «Қырық үй», «Қырық қара», «Қырқынан шығару» т.б. халқымызда жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті саналады. Мысалы, «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Бір тоғыз», «Үш тоғыз», «Қырықтың бірі қыдыр» деген қағидалар сандық ұғымнан пайда болған. Соның қатарында баланы қырқынан шығару дәстүрі де бар. Баланы қырық күнге дейін тіл-көзден сақтау үшін ешкімге көрсете бермеген. Яғни, ана үшін де, бала үшін де бұл — қауіпті кезең.

Кырқынан шықпаған баланы үлкендер де көруге талпынбаған. Қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептеледі. Көзі де тұманданып, қайда қарағаны белгісіз болып тұрады. Қырқынан шыққанан кейін-ақ көзі жылтырап, жан-жағын бағдарлай бастайды. Ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады. Сәбиді қырқынан шығару ет пен сүйектің бірігуіне жасалатын құрмет. Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей қырқынан шығарады. Бұл қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын деген ырым.
Ана мен бала жын-шайтаннан қорғалатын қырық күнде «қалжа» сойылып, жас еттің сорпасы, қаймақты шәй, май қосылған ботқа жас ананың тез көтеріліп, өзіне келуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, нәрестенің құнарлы тамақтанып, ұйқысы тыныш болуына, іші кеуіп кетпеуіне көмектеседі. Бала қырқынан шыққанша анасына салқын су ішіп, көкөніс тұтынуына тиым салынады. Сондай-ақ, қалжалыққа сойылған қойдың мойын омыртқасы бүтіндей асылып, әбден мүжіліп барып босағаға ілінеді. Бұл ырым нәрестенің мойын омыртқасының тез қатаюына көмектеседі.

Кіндігі түскен баланы қырық күн бойы күнделікті тұзды суға шомылдырып, денесін құйрық маймен сылап, аяқ-қолын жазып, жаурынын, құлағын ашып отырған. Тұзды су баланың денесін ширатып, бөртпенің шығуынан сақтаса, сылау аяқ-қолының түзу, жүзінің шырайлы болып қалыптасуына көмектеседі.

Бала өміріндегі кез келген қуаныш-тойлардың мақсаты, танымдық үлгісі бар. Мазасызданып, жылағанда әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, жылауық баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарғанда тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға тек әйел адамдар ғана қатысқан. Бүгінде «әйтеуір, қырқынан шығару керек» деген түсінікпен жүрген жастардың осы дәстүрге, оның астарына мән бергені абзал деген ойдамын.

Б.Жаңғұтова,
ұстаз.

Комментарии закрыты.