«Біздің қалауымыз – бірлік!»

Қаламызда 2000 жылдың мамыр айынан бері белсенділердің ықпалы­мен жұмысы жанданған Т.Шевченко атындағы украин этномәдени орталық бүгінде барлық фестивальдардан қалыс қалып жүрген жоқ. Роман Бурданың төрағалығымен қарқын алған орталықтың жұмысы жүйеленіп, туған тілде емін-еркін сөйлеуге, туған халықтың салт-дәстүрі мен тарихын жете тануға мүмкіндік берді.

Қоғамдық бірлестікті бүгінде Оксана Жук бастап, бұқаралық сипаттағы мәдени шараларды көптеп өткізуді қолға алды. Құрамында 11 мүшесі бар бірлестік «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөзді ұран етуде.

– Бүгін біз бейбітшілікті жаны сүйетін, бауырмалдықпен бақуатты тіршілік етіп отырған елде өмір сүріп отырмыз. Көмек қолын созуға даяр тұратын қайырымды жандармен етене араласамыз. Ашық аспан астында ешкімді алаламай, ала жіпті аттамай өмір сүргенге не жетсін. Қазақ халқының өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, ұлт пен діни сенімге қарамастан қонақжайлылықпен төріне шығарған бауыр­малдығына шексіз алғыс білдіреміз. Айрандай ұйыған ымырашылдықтың көрінісі сонда, біз өз мәдениетімізді таныдық. Бірлік күні – еліміздің сан түрлі ұлт өкілдерінің ұлық көретін мейрамы. Өйткені бұл күні достық, келісім, жанашырлық қасиеттері көрініс табады, – дейді Оксана Жук.

Бейбітшілік қашан да ел тілегі болған. Жасампаз халық бірлік туының жығылмай, жайнағанын қалайтыны анық.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.