Ақиқатты ашық айтқан

Ақиқатты ашық айтуымен атағы Алты Алашқа жайылған арқалы ақын, жыршы-термеші Ш.Ділдебаевтың туған күніне орай аяулы ағаның өз есімін иеленген көрме залы бірнеше күн маңызды басқосулардан босамады.

«Шындығыңа шырай берген – Шынболат» атты көрмеден бастау алып, еңбек ардагерлері Сақтаған Атабаев, Ибадулла Байбатыров, Дәулет Айқынбаев, Батырбек Балмұхан секілді «Сырда туып, қырда өскен» ақынның көзін көрген замандастары жиылып, ақ дастархан басында естелік айтысып, сыр шертісті. Дарын иесі туралы санада ескірмеген әңгімелерді ортаға салған Яхия Асатов арнау өлеңін оқыды. Айтулы тұлғалардың бірегейіне айналған халық мақтанышының бар ғұмыры Сәтбаев қаласымен берік байланыста болғандығы, осы жерде жер қопарып, кен қазғандығы айтылды. Ауыр еңбекте жүрсе де өнерін өрістетіп, өлеңін тастамай аймағымызда мәдениеттің дамуына ерекше еңбек сіңірді. Есімі ел есінде сақталып, жыл сайын жадымызда жаңғырған ақынның аяулы жары, мол мұрасын насихаттаушы Гүлзада Жиенәлиева көзіне жас алып, ыстық лебізін білдірді. Өзгеше кеш барысында жыр жампозының жасампаз болмысын бағалаған жас әншілер мен термешілер бар өнерін ортаға салды.

Аманат жырлары арқылы шындықтың шымылдығын түрген дарын иесі осыдан қырық жыл бұрын «Арман» ансамблін құрды. Өнер ұжымымен бірге еліміздің түкпір-түкпірін аралап, бүкілодақтық байқауларда топ жарды. Қазақтан басқа халықта жоқ өнер терме арқылы жақсы мен жаманның, әділдік пен арамдықтың ара-жігін ашып берді. Мына өмірдің баянсыз екендігін айтып, баянсыз өмірде иман сақта, дұрыс жүріп-тұр, үлгі ал, ұлттың салтын-дәстүрін сақта деп уағыздады. Бұл кеште де текті өнерін ұлықтаған, тектілерін ұмытпаған, асылын ардақтаған көзі қарақты көрермендер осыны түсіне түскендей болды.

Халқы Шынболатты ұмытқан жоқ. Соңында сөзі, барша қазақ жатқа айтатын «Шындығы» қалды. Айтыс өнерінде айшықты ізі бар, елдің мұңын сырымен жеткізіп шындық деп шырылдап өткен ол:

– Бұл жырларым біреулерге жақпайды,
Ал, біреулер шындық қой деп мақтайды.
Зұлымдары шырылдатса жанымды,
Ұлылық кеп бір күні өзі ақтайды, – деп жырлады. Бүгінде оның көрегенділігіне көз жетті. Олай болса, тума дарынның елге, жерге деген іңкәрліктен туған өміршең шығармаларының келер ұрпақты тәрбиелеу жолында мәңгі қызмет ете берері анық.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.