Депутаттар емдеу мекемелерін тексерді

Медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жұмысын жақсартуға бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғалы бері медициналық қызмет сапасы артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің 2016-2019 жылдарға арнап бекіткен бұл құжаты қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру мен өлім-жітім санын азайтуды көздейді. Аталған бағдарламаның іске асырылуын өткен аптада қалалық мәслихат депутаттары қадағалап, емдеу мекемелерінің қызмет көрсету сапасын тексерді.

Депутаттық рейдке Сәтбаев қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, мәслихат депутаттары Жақия Күнеділов, Владимир Цой, Қамар Жанасылова, Шолпан Мұхамедғалиева шығып, емдеу мекемелерінің жұмысымен танысты. Халық қалаулылары алдымен «Лекерова» отбасылық дәрігерлік амбулаториясына бас сұқты. Мұнда есепте 9469 адам тіркеуде тұр. Оның 3089-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Депутаттар дәрігерлердің науқастарды қабылдау бөлімдерін, күндізгі стационар мен тегін дәрі-дәрмек тарату бөлмесінің жай-күйін тексеріп, балалар тағамының берілу тәртібімен де танысты. Мәслихат депутаттары қаралуға келген тұрғындарды да сөзге тартып, медициналық көмектің көрсетілу деңгейін сұрады. Тексеріс соңында басшылыққа құжаттама жұмысында орын алған келеңсіздіктерді жоюға қатысты ескертулер мен ұсыныстар айтылды.

Депутаттар бұдан кейін 8017 адамға медициналық қызмет көрсететін «Ахметова» отбасылық дәрігерлік амбулаториясында болды. Мұнда да қаралушыға қажетті ем-дом тиісті деңгейде көрсетілуде. Келушіні көп күттіретін кезек жоқ. Арнайы қойылған терминалмен жазылуға болады. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған.
– «Денсаулық» бағдар­ламасының орындалу барысын отбасылық дәрігерлік амбулаториялардан бастап отырмыз. Барлық қызмет ретімен жүргізілуде. Тек кей тұстарда аздаған кемшіліктер орын алған. Алайда бұл қызмет сапасына нұқсан келтірерліктей көрсеткіш есебінде емес. Қос емдеу мекемесінде жұмыс тиянақты жүргізіліп келеді, – дейді Сәтбаев қалалық мәслихат хатшысы Қамар Жанасылова.

Халық қалаулылары рейдтік шарада орын алған олқылықтары депутаттық сағатта талқылайтын болады. Алдағы уақытта олар қаладағы барлық емдеу мекемелерінің жұмысын қадағаламақ ниетте.

Әли МҰҢАЙТПАС.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.