«Суицид – тығырықтан шығатын жол емес!»

Осындай атаумен Полиция бөлімінде өткен семинар жастар арасында соңғы уақытта өршіп бара жатқан дерттің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Полиция бөлімінің кадр саясаты тобының инспектор-психологы Ботакөз Дүйсенбина ашып, жүргізген жиында адамның өзінің ішкі болмысына жасалған қаттыгездігі, жауыздығының мағынасы терең ашылып, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алудағы бағыттар сараланды. Суицид деген не? Нені білдіреді? Осы сұрақтарға жауап берген полиция қызметкерлері ойларын ортаға салды. Өзіне-өзі қол салу қазіргі таңда әлемді қатты алаңдатып отырған үлкен мәселе. Дүниежүзінде жыл сайын 1 миллион адам өзін ажалға қиса, 10-20 миллионы өзін өлтіруге әрекет жасайды. Ең ауыры олардың арасында жастардың көптігі.

– «Суицид» латын тілінен алынған «өзін-өзі өлтіру, өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді. Бұл дерттің табиғаттың оянған гүлденген кезінде, көктем мезгілінде жиі кездесетіні дәлелденді.

Социологтардың зерттеуіне сүйенсек мамандықтар арасында полиция қызметін «тәуекелділік тобына» жатқызамыз. Себебі ішкі істер органдарының қызметкерлері күнделікті өмірде қиындықтармен бетпе-бет келеді. Оны шешу үшін моральдық нормадағы әрекеттерді, қажет болған жағдайда дене күшін, тіпті қаруды да қолдануына тура келеді. Соның салдарынан денсаулыққа зиян келуі, болмаса өміріне қауіп төнуі мүмкін. Қиын да қаурыт, дау-жанжалды жағдайларда психикалық ауыртпалық туындайды. Жабығу, жүдеу, бейімделудің  бұзылуы, күйзеліске әкеп соғады. Дағдарысты жағдайға  тап болған адам кейде  өмірден кетуді  ойлайды, – деген Ботакөз Аманжолқызы суицид оқиғасының жиiлеуiне себепші болатын әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сыныптағылардың намысына тиетіндігі сияқты негізгі факторларға тоқталды.

Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық және кеңес беру орталығының директоры А.Қайратұлы мен Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Б.Сейітжаппаров бұл дерттің емі иманда екендігін, әрбір ақылды адамға иман парыз екендігін, иман бар жерде жақсылық пен ізгіліктің бар екендігін жеткізді. «Ел болашағы жастардың қолында. Жастардың жүрек тәрбиесінің жоғары, ой-өрісінің көркем, білікті де білімді болуы иманда» деп тарқасты олар.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.