Мәңгілік ел идеясы және дінаралық тұрақтылық

Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен мәртебелі рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі.

«Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын басты негіз – ұлтаралық келісім, дінаралық тұрақтылық, толеранттылық. Әрине, ол ең бірінші ұлттың бірлігі мен елдің татулығынан, адамгершіліктен, Отанға деген махаббаттан тұрады. «Біздің қоғамымыздың көп түрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз».

Барлық азамат құқықтың бірдей көлемін пайдалануда, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуде. Біздің қоғамымыз неғұрлым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениеттерден қалыптасты.

Бүгіндері әлем елдерінде, әсіресе, жетекші мемлекеттер дінаралық қақтығыстардың салдарынан қиындықтарды бастан кешіруде. Әлемде қаншама адам лаңкестік әрекеттерден бақиға аттанып, қаншама армандар үзіліп, қаншама тағдырдың тамырына балта шабылды. Дүниенің тыныштығын шайқағысы келгендер өздерінің арам пиғылдарымен жаман ниеттерін жүзеге асыру үшін сан түрлі айла шарғыға баруда. Қазіргі әлем елдері дінаралық қақтығыстардың болдырмаудың жолдарын қарастырып, осыған байланысты тың қадамдар жасалып жатыр.

Бір ел тыныш болса, күллі адамзат баласы тыныштықта болады, бір мемлекет бүлінсе, күллі жаһаннан маза кететіндігін бүгінгі әлемде болып жатан лаңкестік оқиғалардан, соның салдарынан соғыс жүріп жатқан мемлекеттерден көріп отырмыз.

Қазақстанның ұстанған бағыты тұрақтылық, дінаралық татулық болып табылады. Бұл бағытта елімізде атқарылып жатқан ұлы да игі істер мен батыл қадамдар, тың бастамалар әлем елдеріне үлгі болып отыр.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі» осының дәлелі. Тұрақтылық пен тыныштықтың, бей­бітшіліктің қазақ­стандық моделі әлем елдерінің қызығушылығын туғызып отыр.

Тұрақтылық болған мемлекетте даму бар. Бейбітшілік болған жерде экономикалық және әлеуметтік ілгерілеушілік болатыны белгілі.
Елбасымыздың бастамасы «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі тұғыры бейбітшілікті, ұлттар ынты­мағын сақтай отырып, дамуға, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің қатарына қосылуға негізделген.
Елімізде әлем мем­лекеттерінің қаты­суымен діни лаңкестікке қарсы оны болдырмаудың бағыттары туралы ірі халықаралық шаралар өтіп жатады.

Ең алдымен, лаңкестікті исламнан бөле қарау керек.

Ислам ешқашан жауыздықты қолдамайды. Ислам — бейбітшіліктің діні. Адам адамға бауыр. Қасиетті Құранда «Бейкүнә бір адамды өлтірсе немесе жер бетінде бұзақылық қылса – күллі адамзатты өлтіргендей болады» деп көрсетілген.

Біздің тілегіміз «Мәңгілік Ел» – жалпы қазақстандық ортақ шаңырақтың ұлттық идеясы, әрі бабаларымыздың асыл арманын, аманатын жүзеге асыру болып қарастырылғаны абзал. Яғни, «Мәңгілік Ел» болу – шектеусіз ғұмыры бар, тәуелсіз, тұғыры биік, ғылым-білімі дамыған, бірлігі жарасқан алдыңғы қатарлы, әлем таныған алпауыт елге айналу. Сондықтан да, мәңгілік, әрі бәсекеге қабілетті ел болуы үшін, болашақ ұрпағымыз осы негіздегі мықты идеологияны бойына сіңіру!

Б. Жайлаубаев,
«Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ басшысы.

Комментарии закрыты.