Біріншілікте топ жарды

Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай қаламыздағы спорттық-сауықтыру кешенінде 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан ашық біріншілік жалауын түрді. Шаршы алаң бәсекесінде бес салмақ бойынша 45 спортшы жұдырық түйістірді.

Былғары қолғаптар түйіскен турнирде спорттық сауықтыру кешені жаттығушыларының асығы алшысынан түскенін айта кеткен жөн. Мұндағы бокс үйірмесінің аға жаттықтырушысы Алмат Ниспеков дайындаған балалар бәсекеде ешкімге есе жіберген жоқ. Бірнеше жыл мұғдарында шәкірттерінің шеберлігін шыңдап келе жатқан бапкердің аталған біріншілікте шәкірттері түгел дерлік жүлдені өзара бөлісті. Мәселен, №27 мектептің 7 сынып оқушысы Дарын Нақыпбеков, сол оқу орнының тағы бір өрені Айтқали Төлепберген, №16 мектептің оқушысы Алдияр Жаркеев әр салмақта алтыннан алқа тағынса, Арнат пен Ернат Күнтуғановтар (№27 ЖББОМ) және Мұхаммед Егінбай (№7 ЖББОМ) күміс медаль олжалады. Ал, Рамазан Зейнулла (№7 ЖББОМ), Ерасыл Жұмабек (№27 ЖББОМ), Ернар мен Нұрасыл Қалбайлар (№19 ЖББОМ) үкілі үштіктен көрінді. Қарсыластарын қарымымен састырған спортшылардың бұл жеңісі әлі талай асуларға бастайтыны сөзсіз.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.