Көк өскін қатары көбеймек

Абаттандыру мақсатын түйген облыстық екі айлық сенбілік аясында шаһарымызда көшет отырғызу сынды көшелі іс бастау алды. Көшеге көрік берер көк өскін қос айдың ішінде көпшілік жиі жиналатын орындарға отырғызылып, қажетті күтіммен жүйелі түрде суарылатын болады. Өткен сенбіде қаладағы «Жастар» саябағы, «Кенші даңқы» аллеясы мен №6 ықшамдаудан аумағы санитарлық тәртіпке келтіріліп, жүздеген түп тал ағаш отырғызылды.

«Жастар» саябағынан бастау алған сенбілікке қалалық әкімшілік қызмет­керлері, қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері мен колледж студенттері бел­сене қа­тысты. Көріктендіру жұмыс­тарына жұмыла кіріскен қала тұрғындарына таза­лауға қажетті заттар үлестірілді. Алдымен аумақ тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартылды. Көшет отырғызу кезінде жасыл желектің жергілікті жерге жерсінетін терек, үйеңкі, қарағаш, бөртегүл ағаштары арнайы таңдалып алынғанын айта кеткен жөн.

– Екі айлық сенбілік аясында барлығы 700 тал көшет отырғызу жоспарлануда. Ескерте кететін жайт, ағаштардың жерсіне алатын ерекшелігі ескеріліп, таңдап алынды. Мәңгілік ел көшесі бойындағы жасыл желектер қатарына шырша отырғызуды жоспарлап отырмыз. Жезқазған кентінен 3000 түп тал әкелініп, осында отырғызылады. Бірқатар аудандарда абаттандыру жұмыстары екі ай ішінде жүргізіледі. Көшеттердің көктей өсуіне күтімнің де қажеттілігі орасан. Бұл мақсатта биылдан бастап суару қызметі Сәтбаев сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнына жүктелді. Енді кәсіпорын аптасына үш реттен кем емес суару жұмыстарын жүргізеді. Биыл ешқандай қиындық тумайды деп ойлаймын. Қаладағы барлық су құбырларын тексердік. Енді жасыл желек жүйелі түрде суарылады. Мұны біз бақылауда ұстаймыз, – деді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Камшат Күнеділова.
Сенбілікте сондай-ақ, «Қазақмыс» Корпорациясы басшылығы өз тарапынан «Кенші даңқы» аллеясында көшет отырғызды. Екі айлық барысында көп аумақтар қоқыстан тазаланып, ағаштар әктелмек.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.