Еңбек мәртебесін көтеру жолында

Халықаралық еңбек ұйымы 1989 жылдың 28 сәуірінде өндіріс орындарында қайғылы жағдайға душар болған, жарақаттанған жұмысшыларды еске алу, олардың әлеуметтік қорғалуын Үкімет тарапынан қолдау жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсынысты бүкіләлемдік ерікті кәсіподақ қолдап, содан бері барлық елде осы күн айрықша маңызға ие болып келеді. Қазіргі таңда «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өнеркәсіп қауіпсіздігі және еңбек қорғауға ерекше көңіл бөлуде.

Атаулы күнге орай Шығыс Жезқазған кенішінде бір ай көлемінде қауіпсіздік айлығы өткізіліп, оның аясында ұйымдастырылған байқаудың нәтіижесі өткен аптада жарияланды. Шығыс Жезқазған кенішінің бас инженері Жасұлан Байниязовтың қатысуымен өткен жиында үздік деп танылған еңбек адамдары ұлықталды.
– Еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оқыту, арнайы сертификат беру шаралары нақтылы жүргізілуде. Бірінші кезекте әр сала бойынша нұсқамалық ереже жасалып, таныстырылды. Жұмысшы құқығы, оның қорғалуы жөнінде тәртіп орнатып, қауіпсіздіктің бұзылуына жол бермеуіміз керек. Адам құндылығын құрметтей отырып, еңбек мәртебесін көтерейік! – деп атап айтты.
Мұнан соң еңбек қорғауда жоғарғы көрсеткішке жеткендердің бір тобы «КәсіпҚорған» кәсіподағының марапаты мен сыйақысына ие болды. Олардың қатарында инженерлер С.Елеусізов, Р.Әбдірахманов, К.Кәрімбаев, А.Сауқымбаев бар. Ал, машинистер арасында А.Құттыбаев, Р.Жарасов, А.Хамитов бірінші, С.Байтиков, Н.Павлушенко, Ғ.Досанов екінші, Б.Бимағанбетов, А.Қойшығұлов, С.Бегаев үшінші орынды иеленді. Учаске бастықтары Е.Балабеков пен М.Қарағойшинов «Үздік жұмыс орнын қауіпсіздендіруші» номинациясына лайық деп табылды.
Сонымен қатар, жиында «Қазақкәсіп­одақметалл» «Жезқазғантүстімет» қызмет­керлерінің кәсіподақ ұйымының кеніштегі төрайымы Гүлжан Искакова бір топ майталмандарды марапаттады. Е.Ананьева «Өз ісінің үздігі» атанса, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығымен Ә.Жақыпбеков – екінші дәрежелі, Ж.Қарағойшинов, Н.Жұмабеков, Қ.Садықов, Б.Есмағамбетов, Б.Омаров, Ш.Ибраев, А.Қожантаев үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін иеленді. Бұл күні мерейтой иелері де ұмыт қалмады. В.Кистол, Ә.Молдабеков, Н.Балабеков, Е.Ақаевқа сый-сияпат жасалды.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.