Боз кілемдегі белдесу

Өткен аптада қаламызда Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай халықаралық дзюдо турнирінің жалауы желбіреді. Дәстүрге айналған дзюдо жарысына Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 2002-2003 жылы туған палуандар қатысты.

Қаламызда спорттың дзюдо күресіне қызығушылық танытушы жасөспірімдер саны артып келеді. Бүгінде спорттық-сауықтыру кешеніндегі үйірмеде 200-ге жуық бала шынығуда. Олардың арасында Азия және ел чемпионаттарының жүлдегерлері тәрбиеленіп келеді. Бапкерлер бақ пен бап қатар шабатын бозкілем белдесулерінде жерлестеріміздің асығы алшысынан түсетіндігіне сенім білдірді.

– Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл турнир талай спортшының бағын ашып, шеберлігін шындатқан жарыс екендігі анық. Себебі, мұнда болашақ әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері белдескен еді. Бүгін жарысқа 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Бұл турнирдің бәсі жоғары екендігін көрсетеді. Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің спортшылары турнир өткізілгелі бері қалмай қатысып келеді. Бір ерекшелігі, бұл жарыста жүлделі орын алған палуандарға «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» атағы беріледі, – деді жарыстың бас төрешісі Батырлан Өмірзақов бізбен сұхбатында.

Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарыс екі күнге созылды. Сан түрлі салмақ дәрежесінде сынға түскен спортшылардың белдесулерін білікті қазылар бақылады. Үздік деп танылған спортшылар медаль мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.