Қазақ өнерінің Жезкиігі

Осы атаумен орталықтандырылған кітапханада өткен әдеби-сазды кеш ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Жақсыкелді Сейіловке арналды.

Жақсыкелді Сейіловтің есімі жетпісінші жылдары күллі қазақ даласын шарлап кетті. Алла оған ерекше қасиет берді. Ең алдымен өмірді сүйіп, жарық дүниенің дүбірін сезген көкіректен әуезді саз төгілді. Сырлы да назды әндерімен танылған талантты ұлдың шығармалары бүгінде өлмейтін, өміршең мұраға айналды. Аталмыш кеште көрермен қауым Жақсыкелді әндерімен тағы да қауышты.

Осыдан алпыс алты жыл бұрын Ұлытау ауданындағы Алғабас ауылында Уәли мен Ақбаланың шаңырағында дүниеге келген композитор алты айында қос жанарынан, үш жасында анасынан айрылып, қабырғасы қатпай жатып, өмірдің қатал сынағына ұшырады. Дауасыз дерт қарашығын қараңғылағанымен, көкірегіндегі көзін жаба алған жоқ. Оның сырлы әндері жан айнасына түскен жарық күннің сәулесіндей болды.

Ол дүниеге әкелген әр әннің өзіндік тарихы бар. Мәселен, баласы әскерге аттанған ана толғанысын жазбай таныған сазгердің «Ана туралы балладасы» анасы Ақбалаға деген өшпес ескерткішіндей болды. Әу баста Болат Есмұхановтың, кейіннен Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазылған ән Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналып орындалды бұл кеште. Жақсыкелді Сейіловтің зағиптар мектебінде білім алуына сол кезде білім басқармасын басқарған Томарбай Жақыпов себепші болған. Жеті жасар ұлды Қарағандыға жетектеп апарған әкесі Уәли мен ағасы Мақсұт анасының орнын жоқтатпай, тәлімді тәрбие беруге тырысты. Ұлы композитордың жасындай жарқылдаған өмір жолының бастауында тұрған осындай жандарға арнап жазған «Әке туралы ой» деп аталатын ғажайып туындысы әкелердің асқақ тұлғасына арналған.

Жақсыкелді әндерінің алтын өзегі – махаббат. Өмірді сүрудің мәні неде екендігін ұқтырған киелі күш – махаббат құдіретін де әнге қосты ол. «Адамды неге осылай жаратты екен?», «Көріспей-ақ қоялық», «Сол тілегім» әндері әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Жақсыкелді Сейіловтің аты аталса «Қаракөз» ансамблі еске түседі. Екеуі егіз ұғым іспетті. Сәлімжан Сейілов, Болат Есмұқанов, Әбу Түсіпбеков, Өмірхан Қалмағанбетов, Қойшығара Әміралин секілді музыканттардың басын қосқан ансамбль аз уақытта көрермен көңілін жаулап алды. Аймағымыздан басталған өнер көші кейіннен облыстық, республикалық байқауларға жол тартты. Жастардың жанына жақын халықтық ұжымға, елдің «Қаракөзіне» айналуына Жақсыкелді Сейіловтің лирикалық шығармалары үлкен үлес қосты.

Ол азаматтық үні бар композитор екендігін «Қазақстан комсомолдарының әні», «Жезқазған жастарының жыры», «Ұлытау», «Бейбітшілік таңы» секілді патриоттық сезімге құрылған қуаты күшті әндерімен танытты. Ал, «Жолға шықсаң далаға, Жол болсын деп тілерсің» деп басталатын «Дала жолынан» өмірлік ұстанымы мен ішкі байламын танисыз. Өмір жолына осындай тілекпен аттанғандығын ұғасыз. Өйткені, дала жолымен жүрген талантты ұлдың да жолы оңғарылғандай. Оның төлқұжатына айналған ғұмырлы туындылардың арасында Жезкиіктің орны ерекше. Ән жайлы Нұрғиса Тілендиев: «Жезкиік әнін алғаш естігенде қатты толқыдым. Ән көңілімді құлазытқан жоқ, қуантты. Одан халқымыздың қанына сіңген қайырымдылықты сезіндім, табиғаттың бар жаратылысына деген қамқорлықтың ізгі жоралғысын көріп, сұлулықтың сырласы болдым», деп жазады.

Кеште композитордың таспаға басылған үнін естудің сәті түсті. Тік тұрып қошемет көрсетіп, барлық әнді қосыла шырқаған қонақтар Жақсыкелді әндеріне сусап, сағынып қалғандығын байқатты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.