Ардагерлер ұмытылмады, ұлықталды

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы «Кеңгір» банкет залында жайылған ақ дастархан ардагерлерге арналды.

Қатар тұрған қос қаладағы Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері ардақталған кеш ақ тілектерге толы болды. Мерекелік думанның көрігін «Любостык», «Ақ әжелер» ансамблі асыра түсті. Сонымен қатар, Ұлы Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған бильярд жарысының жеңімпаздары марапатталды.

Басты ұйымдастырушы, кеңес төрағасы Төлеген Бүкіров өз сөзінде аға буынның ерлігін тілге тиек етті.

– Майдангерлер қатарының жыл сайын азайып бара жатқанымен ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс тойының мәртебесі бір мысқал да төмендемейді. Адамзат баласының тарихындағы ең қанқұйлы, 60 миллион адамның өмірін қиған, тұтас бір буынның балалық шағын жалмаған соғыста ұрыс даласында Отанның азаттығы үшін, келер ұрпақтың болашағы үшін басын бәйгеге тіккен, кеудесін оққа тосқан сіздерсіздер. Тыл даласында алаңсыз ұйқы көрмей, тойып тамақ ішпей, «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!» деп еңбек еткен сіздерсіздер. Осы ерлікті ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, Жеңіс сарбаздарын мәңгі естен шығармайтын біздерміз. Осы Ұлы Жеңістің жасампаз дәстүрі Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өміріндегі жеңістерге ұласа берсін! – деген рухты лебізін жолдай келе, атаулы күнге орай жүріп-тұруы қиындаған ардагерлерге сыйақыға қоса азық-түлік себеті таратылатындығын жеткізді. «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов бастаған басшылар майдангерлер ерлігі, тылда еңбек етіп, жауынгерлердің жеңіспен оралуына үлесін қосқан ардагерлер есімі ел есінде екендігін, оларға деген құрметтің ешқашан ортаймайтындығын атап айтты.

Валентина Фурнэ Ресейдің Кострома облысынан елу бесінші жылы Қазақстанға соғыстан кейін тұрмысқа шыққан апайының соңынан қоныс аударады. Шучье училищесінде білім алған ол алғашқы еңбек жолын Қарсақбай металлургия зауытында бастады. Кейіннен комбинат басқармасында экономист ретінде отыз алты жыл тер төгеді.

– Бүгінгі күніме разымын. Тұрмысқа шығып, өсіп-өндім. Қазір үш немереден екі шөбере сүйіп отырмын, – дейді ол. «Енді соғыс болмасын!» деп тілескен ардагерлер ән салып, би билеп, разы көңілмен тарқасты.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.