Жастар пікір таластырды

Қазір қоғамда жастар діни сауаттылығының төмендігінен атынан да, затынан да шатасатын саяси миссионерлік ағымдардың алдап-арбауына түсуде. Күллі қоғамның рухани және діни сауатты болуы кезек күттірмес мәселенің бірі. Мұндай жолдарға, керітартпа ағымдарға кетпеудің ең әуелгі жолы – діни сауаттылықты арттыру. Осы мақсатқа орай өткен аптада №16 мектепте қалалық дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы мектеп оқушылары арасында «Дәстүрлі құндылықтар мен радикалды идеология» тақырыбында аймақтық дебат турнирін өткізді.

Дебат турнирі белгілі бір ойды жеткізуге, оны емін-еркін айтуға, мәселеге қатысты дерек-дәйектермен дәлелдеуде туындайтын ортақ пікір таластыру алаңы. Тартысқа толы болған турнирге Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан барлығы 15 команда қатысты. Екі күнге созылған дебат ойындарына облыстық, республикалық ойындарда озық шыққан үздік спикерлер төрелік етті.

– Қазіргі таңда күн өткен сайын әлем туралы, қоршаған орта туралы, қоғам туралы таным-түсінігіміздің өзгеріп келе жатқаны айқын. Сондықтан уақыт көшінен қалып қоймай, біз жастарды ақпараттандырып отыруымыз керек. Ақпарат көшіне ілесе алмайтын болсақ, көп жағдайда кенжелеп қалатынымыз тағы анық. Өткенімізді ұмытпай, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып, салт-дәстүрімізбен байланыстыра алсақ қана ұтатын тұстарымыз көп болады. Бұрынғы өткен жолымыз, дәстүріміз қандай болды, ата-бабамыз жүрген имандық жолы қалай еді? Соны жастарға түсіндіру, пікір алмасу барысында жастар осы мәселе турасында ой қозғады. Қазіргі таңда радикалды идеология бір ғана мемлекетті емес, жалпы әлемнің басына төніп тұрған қауіп. Соны сейілту үшін жастарымыз сергек, байсалды болуы керек. Қазір бейқам болатын уақыт емес. Өз ойын еркін жеткізе алған, пікір айта алған, таным-түсінігі бар адам ғана биік асуларды аса алады. Сәтбаев жастарының ойы еркін болсын, пікірін ашық айтсын, ой алмассын деген ниетпен дебат турнирін ұйымдастырдық. Оқушылардың белсенділігі көңіл қуантады.

Ақпаратпен қамтылған, біліммен қаруланған, бағыты айқын, бағдары биік жастар ешқандай радикалды идеологияның алдап-арбауына түспейді деген ойдамыз, – дейді орталық басшысы Амангелді Құрақбай.

Турнирдің ақтық финалында №16 орта мектебінің «Жалын» тобы мен №3 Жезқазған білім-инновация лицейінің «Peaky blinders» командасы пікір таластырды. Дебат ойындарының қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды «Peaky blinders» иеленсе, екінші орынды «Жалын» (№16 ЖББОМ) командасы місе тұтты. Ал үкілі үштіктен №19 орта мектебінің «Либерал» командасы және Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің «Триумф» құрамалары көрінді. Жеңімпаздарды Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина құттықтап, үздік топтарды ақшалай сыйлықпен марапаттады. Жарыс қорытындысында үздік ойын өрнегін көрсете білген спикерлердің де есімдері аталып, құрмет көрсетілді. Барлық қатысушыға алғыс хат пен құнды сыйлықтар берілді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.