Бүлдіршіндердің базарлы ошағы

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасында елдегі мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру қызметінің сапасын, жалпы жағдайын жақсарту көзделген. Осы бағдарлама міндеті бойынша жер-жерлерде жаңа бақшалар, шағын орталықтар ашыла бастады. Біздің қаламызда да осы бағдарлама аясында біршама игі істер атқарылды. Соның бірі – «Балапан» бағдарламасы бойынша қаламызда бірінші болып пайдалануға берілген №5 «Нұрбөбек» балабақшасы.

Көрген жанның көзін сүйсінтіп, көңілін қуантатындай, сыртқы келбетіне ішкі әсемдігі үндескен бөбекжай 320 орынға арналған. Бақшада 13 топ бар. Бағдарламада жүктелген мақсат, міндеттерді орындау барысында барлық топтар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, қазіргі заман талабына сай жиһаздармен, оқу құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының талабына сәйкес қалалық әкімдіктің қолдауымен балабақша мұқтажы қамтылып, бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінуде. Бағдарлама мақсаты бойынша бүлдіршіндердің сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдайлар жасалған. Әрбір топта тіл дамыту, көркем әдебиет, математика, табиғат және ойын бұрыштары сала бойынша бөлініп көркемделген.

Денешынықтыру, ән-күй, компьютер бөлмелері жаңа технология талаптарына сай қажетті жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.

Бөбекжай 2009 жылы шыққан Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандартымен және қосымша «Балбөбек», «Мектепке даярлық» тобына арналған бағдарламамен жұмыс жасайды. Бақшада бірінші санатты, жоғары білімді тәжірибелі тәрбиешілер, психолог, логопед, ағылшын, қазақ, орыс тілі мамандары, ән-би жетекшілері жұмыс атқарады.

Қазақстанның балаларды қорғау комитеті ұсынған «Балаларға мейірімді қала» жобасы бойынша балабақша атааналармен бірлескен жұмыстар жүргізіп отырады. Жоба бойынша балалардың барынша қолайлы және қауіпсіз орта жағдайында өмір сүруі, бақша маңайындағы ойын алаңдары, саябақ, гүлзарлардың әдемі де әсем, балаға ыңғайлы болуына ата-аналардың қосқан үлестері аз болған жоқ. Мекеме маңын көгалдандыру, талдар отырғызу, әрлеу-әсемдеу жұмыстарына ата-аналар бақша ұжымымен бірге бір адамдай атсалысады. Осындай жұмыла жасаған көмектері үшін балабақша әкімшілігінің де ата-аналарға айтар алғысы шексіз. Сонымен қатар, бақшада ата-аналармен бірлескен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ашылғанына азғана уақыт болғанымен, бақша ұжымының қол жеткізген жетістіктері де аз емес.

– 2011 жылы Қарағанды қаласында өткен зияткерлік «Зерек бала» байқауында ересектер тобының тәрбиеленушілері Өмірбек Жарас, Алпысбаева Дания, Айымторина Аружан, Аманбай Ерасыл, Ким Кирилл, Ильясова Диана сынды бүлдіршіндеріміз жүлделі орындарға ие болып оралды. Сонымен қатар, бақшамызда ұйымдастырылған би үйірмесінің бүлдіршіндері қалалық мерекелерде өз өнерлерімен көрермендер көзайымына айналды деуге болады. Бақшамыздың жас мамандары биылғы жылы Сәтбаев қалалық мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындар жас мамандары арасындағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған «Жас талант-2011» шоу байқауында жүлделі I-ші орынға ие болды, – дейді тәрбиеші Кенжегүл Абубакирова.

Бүлдіршіндердің көңіліне нұр құйып, жандарына шуақ шашқан бөбектер үйін көп жылдық тәжірибесі бар, іскер де білімді, балалардың жүрегіне жол табатын Жаппасова Жамалхия Қабденқызы басқарады. Ашылғанына үшінші жылға аяқ басқан бүлдіршіндердің базарлы ошағы күннен-күнге көркейіп, қала тұрғындарының мақтанышына айналды.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.