Тыл ардагеріне тосын сый жасады

Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерді ардақтау – майдан даласында жаумен кескілескен батырлардың жанқиярлық ерлігі, сол бір зұлмат жылдарда тылдағы жұмысшылардың еселі еңбегі ескерілетін елеулі іс. Құрмет көрсету соғыс ардагерлеріне тек сый жасап қана емес, сұрапыл соғыстағы ескірмес естелігіне құлақ түрумен ерекшеленсе керек.

Тыл ардагері Анна Торговкина бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, торқалы тоқсан жасын тойлауға ниетті. Үш баланы «қанаттыға қақтыр-май, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіріп, немерелерін емірене сүйген бақытты әже. Кешегісіне қанағат етіп, бүгінгісіне шүкіршілік айтудан әсте жалыққан емес. Бейбіт күннің қадірін бала-шағасынының бал-бұл жайнаған жүздерінен таниды. Кейінгі ұрпаққа қанды қырғынның қайта орын алмауын тілейді.

– Соғыс басталғанда төртінші сыныпта оқиды екенмін. Біз ол кезде Ақмола облысы, Атбасар ауданына қарасты Сергеевка ауылында тұрамыз. 1941 жылы әкем майдан даласына аттанып, келер жылы қаза тапты деген суыт хабар келді. Біз отбасында шешеміз бен төрт бала қалдық. Ойын баласы ештеңе түсініп болмайтын сол кезеңдерде, жазғы демалыста егін даласында талмай еңбек еттік. Ауылымыздан 18 шақырым жердегі егін даласына жаяу тартып, арпа-бидай жинайтынбыз. Еңбек үйрететінін, өмір ширататынын сол кезде түсіндік. Соғыстың өрті талай адамның өмірін жалмағанын естіп-біліп жүрдік. Сонда да қорғаныс сапында жүрген сарбаздарға азық болатын масақ теріп, майдан даласына жіберіп отырдық, – деп еске алды соғыс уақытын. – Кейін соғыс аяқталғасын Жезқазған қаласына қоныстандым. Құрылысшы болып еңбек жолымды бастадым. Сәтбаев қаласының алғашқы құрылысшыларының бірі болдым десем қателеспеймін. 28 жыл көлемінде шаһардың құрылысында еңбек еттік. Кейін «Қазорталықбаптау» ЖШС Жезқазған кәсіпорнында еңбек еттім. Өмірімнің біраз уақытын осы қалада өткердім, – дейді Анна әжей.

Ардагерді Жеңіс мерекесімен тосыннан құттықтай барған «Қазорталықбаптау» ЖШС Жезқазған аймақтық кәсіпорнының басшысы Марат Байғазиев Анна Федоровнаның естелігіне құлақ түріп, тылдағы атқарған ересен еңбегіне алғысын жаудырды. Басшы кәсіпорын атынан гүл шоқтары мен тоқсан мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты табыстады. Ардагер шаңырағына арнайы атбасын бұрған мекеме басшысы тыл еңбеккеріне мықты денсаулық тілеп, немере-шөберенің бақытты әжесі болып жүре беруіне тілектестігін білдірді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.