Қуанышпен оралды

Өткен аптада Қарағанды қаласында өткен екі бірдей өнер байқауында жерлестеріміз топ жарды.

Сәтбаев қаласындағы мәдени-сауық орталығы жанынан жаңадан құрылған бишілер тобы «Би әлемі» байқауында үшінші орынды місе тұтса, «Шоқ жұлдызда» жұлдызы жоғарылай түсті. «Шашу», «Балбырауын», «Ұйғыр» билері арқылы қоржынға бір бас, екі бірдей бірінші орын жүлдесі түсті. Ал, жеке орындауда Шахризада Болат «Өрнек» биімен тәнті етсе, Гүлназ Сәрсенбек «Хорезм» композициясымен таңдай қақтырды. Екі өнерпаз да бірінші орынды жеңіп алып, қала мерейін үстем етті.

Үйірме жетекшілері А.Қасенова мен Г.Төлеубек мұнымен тоқтамайтынын, бишілердің өнерін шыңдай түсетіндігін жеткізді.

– Мәдени-сауық орталығының әкімшілігіне айтар алғысымыз зор. Әр байқау – үлкен сынақ әрі шыңдалу мектебі. Мұндай жарыстардың берері мол. Биші қыздарымыз өнер айдынында жаңа достар тауып, тәжірибе жинақтап қайтты Басты жеңіс – шәкірттеріміздің жүлделі орындарды ауыздықтағаны. Одан артық ештеңе керек емес, – дейді олар.

Абыройымызды асқақтатқан бишілер тобы алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыру үшін қызу дайындыққа кірісіп кетті. Жас өнерпаздарға сәттілік тілейміз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.