Тиімділігі тәжірибеде дәлелденген

Елбасының Жолдауын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарлама шеңберінде 2008 жылы денсаулық сақтау саласының ұзақ мерзімге арналған үлгісі қалыптасты. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДЖ) енгізу 2010 жылы жүзеге асырылып, 2011-2015 жылдарға арналған жаңа «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында өз жалғасын тапты. Осы БҰДЖ жағдайындағы жұмыстың барысы қаламызда қалай жүргізілуде және оның тиімділігі неде деген сұраққа жауапты Сәтбаев қаласы емханасының директоры ҚОҢЫРОВА Әлия Мешітбайқызы береді

– БҰДЖ тұрғындарға көрсетілетін стационарлық, медициналық көмектің сапасын жақсартуды және қолжетімділікті жоғарылатуды көздейді.

Аталмыш реформаның басты принципі – азаматтардың медициналық ұйым мен дәрігерді ерікті түрде таңдауына және елдің барлық аймақтарында портал арқылы жоспарлы госпиталдау кезінде мекеме жұмысының ашықтығына негізделген. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау Министрлігінің 2010 жылғы 3 шілдедегі №492-ші «Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында госпиталдау порталы арқылы стационарға жатқызуды жоспарлы госпиталдауды ұйымдастыру Ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Республикалық және аймақтық госпиталдау Бюролары құрылды.

Республикалық және аймақтық госпиталдау бюросы – халықтың медициналық ұйым мен дәрігерді ерікті таңдауда құқығының бұзылмауын және тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде жоспарлы госпиталдаудың ашық түрін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау облысындағы өкілетті орган жанынан құрылған бюро. Госпиталдаудың портал бюросы – дәрігерлер үшін де, пациенттер үшін де барлық мәліметтерді айқын, жоспарлы түрде госпиталдау арқылы жүзеге асырылатын компьютерлік бағдарлама.

Бүгінгі күні республиканың барлық аймақтарында госпиталдау портал бюросының жұмысы жүйелі жолға қойылған. Медициналық қызметкерлердің ауруханалардағы бос орындар туралы мәліметтерді, жоспарлы емделушілерді госпиталдауды күту парақтары туралы, емделуге жіберілген аурулар туралы барлық ақпараттарды күн сайын қарап, біліп отыру мүмкіндіктері бар.

– Порталдың жұмыс тәртібіне тереңірек тоқталсаңыз.

– Біздің емхана БҰДЖ-де үшінші жыл жұмыс істеуде. Ол үшін арнайы қызмет құрылып, госпиталдау портал бюросының жұмысына тікелей жауапты тұлғалар белгіленген. Кез келген тұрғын мекен жайына немесе тіркелген жеріне қарамастан қалаған медициналық мекемені таңдауға еркі бар.

Жоспарлы госпиталдаудың тәртібінше, пациент өзі таңдаған емханасына ауруына байланысты шағыммен шығады. Егер денсаулығы жедел түрде госпиталдауды қажет етпейтіндей болса, емхана дәрігері госпиталдауға дейінгі тексеруден өткізеді, аурудың қай емханада емделгісі келетінін анықтайды. Пациенттің таңдауы бойынша госпиталдау бюросы белгіленіп, стационарда бос орынның бар-жоғы анықталады. Орын болған жағдайда дәрігер портал арқылы жоспарлы госпиталдауға тапсырыс береді де, ауруға автоматты түрде жекелендірілген код белгіленіп, осы код тіркелген талон беріледі. Пациенттің жеке мәліметтері құпия сақталады. Тапсырыстың тіркелген мерзімінен 2 күн ішінде стационар порталда жоспарлы госпиталдаудың алдын-ала күнін анықтайды. Госпиталдау күні белгілі болғаннан кейін дәрігер аурудың қолына жолдама береді, ол өзі таңдаған ауруханаға жоспарлы түрде стационарға жатады.

Жоспарлы госпиталдау – ауруды стационарда созылмалы және өміріне қауіп тудырмайтын аурулары бар жағдайда емдеу. Жоспарлы госпиталдау портал бюросы арқылы жүзеге асырылады. Бұл күнделікті талдау жасауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Жоспарлы госпиталдаудың арқасында пациенттерді жоспарлы түрде аймақаралық және республикалық клиникаларға жатқызуға мүмкіндік туды. Бұрын мұндай клиникаларда емделу тек қана ақылы түрде немесе квотамен жіберілген жағдайда болатын. Ауыл тұрғындары үшін де стационарлық көмекті облыстық және республикалық клиникада алудың мүмкіндігі кеңейді. БҰДЖ-нің басты мақсаты – медициналық ұйым мен дәрігерді ерікті түрде таңдау, сондай-ақ азаматтардың сапалы және уақытылы медициналық көмек алу құқығын жүзеге асыру.

Бүгінде бұл жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. 2011 жылдың қорытындысы бойынша жолдамамен жіберілген пациенттердің 87 % жатқызылды. Алғашқы 10 күн ішінде 98 %-ы госпиталданды, 20 күнге дейін күтетіндер көрсеткіші 1,7 %ды құрады.

Бұл көрсеткіштер шетелдермен салыстырғанда стационарлық көмектің біздің елде қолжетімділігі жақсы екенін дәлелдейді.

Дайындаған Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.