Антына берік, кәсібіне адал

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Полиция бөлімінде ұйымдастырылған салтанатта жауапты қызметтің басы-қасында жүрген ардагерлер мен антына берік, кәсібіне адал қызметкерлерге құрмет көрсетілді.

Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембеков қастерлі мерекенің егемендік ұстанымын биікке көтеретіндігін атап айтты.

– Бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. 1991 жылы Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қорғаныс министрлігі құрылды. Отан қорғаушылар күні содан бері жыл сайын аталынып келеді. Ел жетістігінде полиция қызметкерлерінің алар орны ерекше. Елбасының сындарлы саясатын іске асырып, қоғамның жаңару үрдісіне белсенді атсалысудамыз. Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктеледі. Осынау ортақ іске біздің ұжым елеулі үлес қосуда. Жоғары кәсіби шеберлік пен өз істеріңізге деген адалдықтан таймаңыздар. Жұмыстың қиын, тіпті кей жағдайларда аса қауіпті де екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да мемлекет, жергілікті билік органдары материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан тиісті еңбек пен лайықты жауап күтіледі. Жұмыс нәтижесі, қоғамдағы абырой-бедел осыған байланысты болмақ, – дей келе, шекті жасқа жетуіне байланысты зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге алғыс білдірді. Рухани құндылықтарды арттырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын, заңды мүддесін қамтамасыз етуге үлесін қосқан аға лейтенант Қ.Смағұлов, полиция капитаны Т.Қуаныш «ҚР Полициясына – 25 жыл» арнайы төсбелгіге ие болса, ҚР ішкі істер министрлігінің бірінші және екінші сыныпты маман біліктілігі квалификациясы бір топ қызметкерге табыс етілді. Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған облыстық құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары арасындағы қоян-қолтық ұрыс турнирінде үшінші орынды жеңіп алған Асылхан Әбдіхалыққа лайықты сый-құрмет көрсетілсе, қоғамдық тәртіпті қорғап, қылмыспен күресіп, оның алдын алудағы еңбегі үшін барлық бөлімшелер Полиция бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Жас мамандар арасындағы сабақтастықты нығайтып, берекелі ете түсу мақсатында аталмыш салада ұзақ жыл тер төккен Қ.Әбжанов, М.Қапарова секілді ардагерлер ұлықталып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.