Маман кеңесі

Бруцеллез (сарып) іш тастау, шуы түспеу, эндометрит, орхит және жануарлардың жыныстық қабілетінің бұзылуымен сипатталатын созылмалы жұқпалы ауру. Бұл ауру адамға да бейім.

Таралуы және тарихи деректері. 1877 жылы Д.Брюс Мальта аралында ауру қоздырушысын ауырып өлген жендеттің талағынан тапқан болатын. Осыған сәйкес ауру мальталық қызба аталып кетеді. Кейіннен қоздырушының жануарлар ағзасынан анықталынуы XVIII-XIX ғасырлар арасында басқа ағылшындық, американдық ғалымдардың еңбектерімен белгілі болды. Д.Брюс бруцеллез, ал қоздырушыны бруцелла деп атауды ұйғарды. Қазақстанда алғашқы рет ауруды бұрынғы Семей облысында мал дәрігері Тевельский дәлелдеген болатын.

Қоздырушы әр түлікке тән 6 түрден құралған. Олар: қой мен ешкіде – бруцелла мелитензис, ірі қара малда – бруцелла абортус, шошқада – бруцелла суис, қошқарларда – бруцелла овис, итте – бруцелла канис және егеуқұйрықта – бруцелла неотома. Аталған қоздырушылар сопақша келген, алуан түрлі (полиморфты) кокктар. Біршама төзімді ағзалар.

Індеттанулық деректері. Аталған ауруға үй және жабайы жануарлардың 60-тан астамы бейімділігін білдіреді. Ірі қара, қой, ешкі, шошқалар арасында ауру індет қарқынында байқалса, жылқы, түйе, марал, қодас, т.б. жануарларда біршама төменгі дәрежеде өтеді. Ауру мал әдетте қоздырушыны көп мөлшерде іш тастағанда шуымен, қағанақ суымен, сүтімен, аталықтың ұрығымен бөліп, сыртқы ортаны мейлінше ластайды. Сау мал ауруға негізінен алиментарлық жолмен және ұрықтандыру кезінде шалдығады. Сонымен қатар, бруцеллалар ит, мысық, кеміргіштер арқылы да таратылады. Бір орыннан келесі орынға бруцеллез көпшілік жағдайда тексерілмей, ал кейіннен карантинде ұсталынбаған ауру малмен әкелінеді.

Аурудың дамуы мен сыртқы белгілері. Ағзаға алиментарлық, я болмаса ұрықтандыру уақытында енген бруцеллалар сөл түйіндерінде тоқтап, аурудың алғашқы белгілері біліне қоймайды. Біртіндеп асқынған дерт буаз малда буаздылығының екінші жартысында іш тастауға әкеліп соғады да, шу мен жатыр арасындағы қабыну процессінің нәтижесінде шуы түспей, оның ыдырауы эндометрит, миометриттің туындауына соғады. Кейде әлжуаз, шала төл туғанымен олар кейіннен шетінейді. Аталық малда (қошқар, қабан) ені қабынып ісінеді (орхит), салбырайды, буындарында сары су жиналып, бурсит, тендовагинит дамиды. Жылқыда шоқтығы қабыну байқалады.

Өлекседегі өзгерістер. Іш тастаған аналықтардың жатырында іріткі заттар (фибрин жіпшелері), басқа ағзаларға (талақ, бауыр, бүйрек) ісіну белгілері болады. Түсіктегі өзгерістер ауруға тән емес.
Бруцеллезді анықтау. Індеттанулық ерекшеліктері, ауырған малдың сыртқы белгілері ескеріле отырып, серологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл жағдайда күдікті малдан алынған қан сары суы да АР, КБР, КҰБР, МАЛР, Кумбс реакция, т.б. реакциялардың көмегімен зерттеледі. Сонымен қатар, зертханаға тасталған түсік, шуы, қағанақ суы бөлек ыдыстарға ұқыптап салынып, бактериологиялық зерттеуге жөнелтіледі. Қолданыста жүрген аллергиялық зерттеулер (бруцеллин, бруцеллизат) аурудың тек соңғы кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Емі. Ауру мал басқаларына қауіп төндіреді және емі тиімсіз, сондықтан тез арада сойылады.

Дауалау және күрес шаралары.Өздігінен малдың сауығуы өте сирек. Дауалау әдеттегідей барлық ветеринариялық санитарлық шараларды уақытылы жүргізумен қатар, вакцинаны қолдану арқылы іске асырылады. Қазіргі кезде ірі қара малдың бруцеллезіне қарсы 182 және 119 штамды, ал қойдың бруцеллезіне Рев-1мен 119 штамды вакциналары қолданылады. Вакциналарды малдың жас мөлшерін, буаз я қысыр екендігін ескере егеді.

Ауру байқалған ошақты әр 15-30 күн сайын малдан алынған қан сары суы жоғарыда аталған реакциялардың бірімен қатарынан екі мәрте «теріс» нәтиже алынғанша жүргізіп, кейіннен үш ай бақылауға қойылғанда тағы екі рет қайталанады. Осындай зерттеулерде толығымен барлық мал тобы бойынша «теріс» нәтиже алынса, ауру ошағына енгізілген карантин қорытынды залалсыздандырудан соң доғарылады. Малды бруцеллезден сауықтыру кезінде тасталған түсік, шарана суы, шуы жойылып, әр кез залалсыздандырылу қарапайым залалсыздандыру ерітінділерінің бірімен жүргізіліп отыр-
ады.

Қала аумағындағы ауыл шаруа­шылығы жануарларын өсірумен айна-­
лысатын жеке және заңды тұлғаларға: сырттан (басқа аумақтан) белгісіз адамдардан малды сатып алуға болмайтынын, тек жергілікті ветеринариялық мекемелердің рұқсатымен ғана малды ұстап-өсіруге болатынын еске саламыз.

C.Жумабеков,
«ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясы» ММ бас маманы.

Комментарии закрыты.