Ұлы жеңіс күні

9 мамыр – талай қандастарымыздың жігерлі рухтары мен еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерінің күштілігін, атамекенге деген ыстық махаббаттарының арқасында бізге жеткен – Ұлы Жеңіс күні.

Адамзат тарихындағы ең сұмдық, ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл толса да, бұл – күні кеше болғандай жадымызда сақталған. Ұлы Жеңіс күні біздің абыройымызды асқақтатып, данқымызды талай елге паш еткен мерекеміз. Аталарымыз бен әкелеріміздің, апаларымыздың отансүйгіштіктері мен табандылықтарының арқасында біз қазір өз алдымызға азат ел болып, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз.
Қазақ елі – басына күн туғанда, жеріне қатер төнгенде жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық. Бұның бірден бір дәлелі кешегі Ұлы Отан соғысында ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін бойындағы қорқыныш сезімін жүректерінен алып тастап, кеуделерін оққа тосып, жаудан тайсалмай шайқасулары. 4 жыл бойы келешек ұрпақтың қамы үшін, елі мен жерін жаудан қорғаған ата-бабаларымызға, аналарымызға мың тағзым.
Бұл күн жадымызда мәңгі сақталады. Ешкім де, ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды. Біздің парызымыз – өсіп келе жатқан ұрпаққа жеріміз бен еліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, бойларындағы патриоттық сезімдерін ояту. Ардагерлерімізді Жеңіс күнінде ғана есімізге алмай, жыл он екі ай ол кісілерді ардақтап, ұмытпау.
Э.Қалыбекова,
№3 «Балдырған» балабақшасы ортаңғы тобының тәрбиешісі.

Комментарии закрыты.