«Өмір сүру үшін есте сақтаймыз!»

Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде бүкіл әлемде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні аталып өтеді. 2019 жылы бұл күн 19 мамырда «Өмір сүру үшін есте сақтаймыз!» ұранымен өтеді.

ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды Халықаралық еске алу күні өлгендерді еске алудың және сүйіспеншілік пен қамқорлықтың тірі жүргендерге қажет екенін түсіну болып табылады. Бұл күн ЖИТС індетінің барлық адамдарға қатысты екенін және бұл жұқпаны кез-келген адам жұқтыруы мүмкін екендігін ұғындыру, салауатты өмір салтына деген ұмтылысын, адами құндылықтарды бекітуге және, есірткіге, зорлық-зомбылыққа, маскүнемдікке жол бермеу, жұқпаның көпшілік адамдар арасында таралуын болдырмау туралы ой салуға бағытталған.
Мамыр айында Жезқазған аймағында, сондай-ақ бүкіл ел бойынша тематикалық іс-шаралар, кездесулер, лекциялар өткізіледі. Олардың мақсаты – халыққа АИТВ-жұқпасын жұқтыру жолдары, бұл жұқпадан қорғану құралдары мен әдістері туралы ақпараттар беру.
Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі уақытта АИТВ-жұқпасы халық арасында кең таралуда, ешкім бұл жұқпаны жұқтырудан сақтандырылмаған. Соның салдарынан, АИТВ жұқпасын жұқтырғандар саны жыл сайын артып келеді, оның ішінде берекелі отбасынан шыққан жастар, әйелдер, балалар да тіркелуде. Қарағанды облысында АИТВ-жұқпасын жұқтыру мәселесі өзекті болып қалуда. 2019 жылдың 1 мамырындағы эпидемиологиялық ахуал бойынша облыста АИТВ-позитивті мәртебесі бар 5 мыңнан астам адам анықталып отыр.
«Өмір сүру үшін есте сақтаймыз!» атты бүкіләлемдік жүргізіліп жатқан кампания жұртшылықты осы қозғалысқа қатысуға және АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың арасында кемсітушілікті азайтуға, оның алдын-алу және ақпараттық ресурстарға уақытылы қол жеткізуін қамтамасыз етуге шақырады.
(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.