Әзілкештер кеші көңілді

Өткен аптада қаламызда әзілсүйер жастардың сүйікті ойыны саналатын Жайдарман ойындарының 2019 жылғы чемпионы анықталды. Әдемі әзіл мен астарлы қалжыңға толы болған ақтық мәреде 5 команда өзара бақ сынап, Кубок үшін тапқырлықпен тартысқа түсті.

Көңілді тапқырлар клубы бүгінде үлкен аудитория жинайтын қауқары бар күшке ие шығармашыл ортаға айналды. Бүгінде республиканың әр өңірінде клубтың жергілікті лигалары құрылып, әзілге таласы бар жасөспірімдердің танылуына жағдай жасап отырған жайдарман ойындарының көпшіліктің ынта-ықыласын өзіне аударып алғаны жасырын емес. Астарлы әзіл, қағытпа қалжың айтуға құмар сол жайдарманшылардың бір шоғыры шаһарымызда шеберліктерін шыңдап жүр. Тіпті ел көлемінде есімдері жиі аталатын да осы сәтбаевтық ойыншылар. Қарағанды құрамасының белді өкілі, Қарағанды облысының намысын қорғап жүрген жайдарманшы, сәтбаевтық жас өрендердің танылуына себепкер болып жүрген Самат Жылқайдаровты ойын басталмай тұра сөзге тартқан едік.

– Сәтбаев – облысымыздағы әуселесін әзілімен көрсетіп, үлкен мектеп қалыптастырған қалалардың бірі. Өзім де осы мектептің түлегімін. Расымен, қазіргі таңда залда жүздеген көрермен жинайтын кештердің бірі жайдарман ойындары екені анық. Бұл көрерменнің көңілінен орын тауып отырғандығымыздың көрінісі . Бізде биыл осымен үшінші мәрте әзілкеш жастарға арналған облыстық мектепаралық фестиваль өткізілгелі отыр. Сол додада Сәтбаев өрендері оза шауып, екі жыл қатарынан жеңімпаз атанып келеді. Бұл да осы жергілікті жайдарманшылардың әзілге деген ықыласын, жеңіске деген ұмтылысын айқын білдірсе керек. Бүгін ақтық финалда бес команданың әуселесін байқап көрмекпіз. Жастардың жалпы тың тақырыптарға баруы, әлеуметтік мәселелерді сынға алып әзіл айтуы қуантады. Мәселен, ерекшелігімен көзге түсіп жүрген командалар қатары көбейіп келеді. Бұған дейінгі турларда өнер көрсетіп келген «Нұрлы мекен» командасы көші-қон мәселесіне қатысты түйдек-түйдек ойларымен көзге түссе, «Паштет» құрамасы ғаламтор тақырыбына қатысты өзекті мәселелерге ден қойып жүр. «SSS» тобы үш тілде әзіл айтып ерекшеленіп жүрген жайы бар. Жалпылай алғанда әр команда өз стилін қалыптастырып үлгерді. Ал, осы кеште сондай орақты тілмен, шым-шымдап айтар астарға толы қалжыңдар күтіп тұр деп ойлаймын. Шын мықтыны бүгін анықтамақпыз, – деді Қарағанды КВН филиалының директоры, қазылар алқасының мүшесі Самат Жылқайдаров.

Ақтық мәренің шарттарына сәйкес, командалар үш кезең бойынша өнер көрсетті. «Сәлемдесуден» соң, «Ассорти» капитандар сайысы кештің көркін қыздырды. Мұнда топ басшылары әуенді әзіл орындау, қисық мақал құру, жаңылтпаш айту сынды кезеңдерде тапқырлық пен ізденістерін байқата білді. «Жұлдызбен көрініс» кезеңінде командалар бұған дейін жайдарман ойындарында ерекше көзге түскен бұрынғы ойыншылармен әзілге құрылған қойылымды көпшілік назарына ұсынды.

– Жайдарман ойындарына қатысып жүргенімізге бір жылға жуықтап қалды. Сол уақыт ішінде маусымашар, көңілашар кубоктарын иелендік. Тіпті, елорда тұрғындарын әзілмен көмкеріп келдік. Жайдарман президенті Есен Елеукенұлымен сұхбаттастық. Жалпы, бұл ойындар арқылы сахнада емін-еркін жүріп-тұруды, шаршы топта қобалжусыз өз-өзіңді ұстауды үйреніп қана қоймай, достық, татулық, сыйластық тәрізді ұғымдарды терең түйсініп келеміз. Бұл жарысқа үш аптадай дайындалдық. Жеңімпаз болуға ұмтыламыз, – дейді қатысушы командалардың бірі, тек қыздардан құралған «Қазақтың қыздары» командасының капитаны Жанерке Мағауия.

Биылғы жылдың жаңалығы болған «Қазақтың қыздары» өздері айтқандай-ақ барлық кезеңде үздік өнер көрсетіп, қазылардың да, көрерменнің де көңіліндегісін дөп тапты. Осылайша кубокты Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің құрамасы жеңіп алды. Кубок иегерлеріне демеушілер атынан 100 теңгелік сертификат табысталды. Енді құрама облыстық фестивальде қала намысын қорғайтын болады. Ал, жүлделі екінші орынды №5 мектептің сайыпқырандары «Паштет» командасы жеңіп алды. Үкілі үшінші тұғырдан чемпионаттың былтырғы жеңімпаздары «Үштің өзі – күш» тобы көрінді. Байқау қорытындысында бұдан бөлек «үздік капитан», «үздік әмбебап ойыншы», «үздік жетекші» номинацияларының иегелері марапатталды. Барлық қатысушылар ақшалай сыйақымен марапатталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.