Хас батырлар ұлықталды

Қалалақ мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, жастарды отансүйгіштікке, ерлікке тәрбиелеуге ықпал жасау мақсатында Кеңес Одағының батырлары Рақымжан Қошқарбаев пен Әлия Молдағұлованың туғанына 95 жыл толуына орай Жеңіс жырларынан аймақтық мәнерлеп оқу байқауын өткізді.

Аймақтық мәнерлеп оқу байқауына 27 сайыскер қатысты. Үміткерлердің өнерін бұқаралық ақпарат құралдары саласының ардагері Майра Жаппасбаева, ұлағатты ұстаз Іргебай Әбдікәрімов және Достық үйінің тіл маманы Айнаш Бегім саралады.

Үміткерлер жас ерекшелігіне қарай бағаланды. Сайыс қорытындысы бойынша 12-14 жас шамасындағы өнерпаздардан І орынды Сәтбаев қаласының №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрай Сұлтан мен Қаракеңгір мәдениет үйінің «Көркем сөз» үйірмесінің мүшесі Еламан Жаманқара иеленсе, ІІ орынды Жезді кентінің мәдени-сауық орталығынан қатысқан Гүлім Сапарбай мен Қаракеңгір мәдениет үйінің «Көркем сөз» үйірмесінің мүшесі Әлихан Рахымжан өзара бөлісті. ІІІ орынға С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Мерей Шакирова ие болды.

15-16 жастағы мәнерлеп оқу шеберлерінен І орынды Сәтбаев қаласының №14 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Татьяна Вербицкая қанжығасына байлады, ал ІІ орынды Жезқазған медициналық колледжінен қатысқан Аружан Маратова иемденді. ІІІ орын Жезқазған медициналық колледжінің студенті Аружан Асқарға, Сәтбаев қаласының №14 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Георгий Рифертке және Сәтбаев қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Жалғас Қаржаубайға бұйырды.

Екі тілде Жеңіс жырларынан өлең оқылған іс-шара көрермендердің де, қатысушылардың да көңілінен шықты.

Іс-шараны Сәтбаев қаласы Өнер мектебінің Махмуд Оразалин жетекшілік ететін фольклорлық ансамблі мен жезтаңдай әншілер Нұрахмет Қаршығанов және Мақсат Бертаев әнмен әспеттеп, күймен көмкерді.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.