Деннің саулығы – басты назарда

Халықтың денсаулығын нығайту һәм жақсарту үшін бағытталған «Денсаулық» бағдарламасы медициналық қызмет сапасын арттыруды көздейді. Бағдарламада мемлекеттік-жекелей серіктестікті арттыра отырып, инновациялық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданысқа енгізу көзделген. Бұл тарапта жергілікті емдеу мекемелерінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өткен аптада қалалық мәслихат депутаттары халыққа медициналық қызмет көрсетіп отырған бірқатар емдеу мекемелерінің жұмысымен танысты. Әуелгі мақсат – жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның орындалысын қадағалау. Бұл тарапта 3200 адамға қызмет көрсететін қалалық емханаға артылар жауапкершілік зор. Себебі, қала тұрғындарының басым көпшілігі осы орталықта тиісті ем-дом алады. Бүгінде мекемеде 28 учаске, атап айтқанда 5 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын 9 педиатрия, 1 терапевтік бөлім және 18 жалпы тәжірибелік дәрігер медициналық көмек көрсетеді.

Жергілікті халық қалаулылары алдымен тіркеу бөлімінің қызметкерлерін сөзге тартты. Мұнда құжат айналымдарын электронды форматқа көшіру жұмыстары толықтай жүргізілген.

Яғни, қағазбастылықтан арылып, дәрігер мен қаралушының уақытын үнемдеу көзделіп отыр. Әйтсе де, кадр тапшылығы, сұранысқа қажетті мамандық иелерінің аздығы теріс әсерін беріп отыр. Бұл мақсатта жоғары білімі бар дайын мамандарды тарту, олардың тәжірибесін шыңдауға қатысты шаралар жүйелі жүргізілуде. Әдеттегі ұзақ-сонар кезек мәселесі біртіндеп азайып келеді. «DamuMed» бағдарламасын қолданушылар саны артқан. Әлеуметтік дәріханада нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан дәрі-дәрмекті сатып алуға мүмкіндік бар. Депутаттар сөреде қойылған дәрілердің құны тиімді екендігіне анық көз жеткізді. Ал, есепте тұрған науқастарға берілетін тегін дәрі-дәрмек беруде қажетті препараттардың кешіктіріліп жіберілуі бұл мәселенің толыққанды шешілуіне мүмкіндік бермей тұр. Бұл ретте тұрғындарға оны алмастыратын дәрі беріледі. Балалар тағамы кешіктірілмей берілуде.

– Ай сайынғы берілетін балалар тағамы кешіктірілусіз тапсырылады. Қазіргі уақытта «Мamelle» тағамына аналардың наразылығы басым болып тұр. Тауардың таңдалып алынуы мемлекеттік сатып алулар арқылы жүргізілетінін ескеруіміз керек, біз оған қарсы келе алмаймыз. Бұл заңның негізінде орындалып жатыр. Десе де, қоспа бала денсаулығына теріс әсерін бермейді, – дейді емхана басшысы Сыйпат Сағымбаева.

Халық қалаулылары дәрігерлердің қабылдауын бақылап, диспансерлік кабинетті, ана мен бала орталығының жұмысын пысықтады. Кезекте тұрған қаралушылардың талап-тілегіне де үңілді.
Одан кейін депутаттар «Жезқазған» медициналық орталығы» ЖШС қарасты Сәтбаев отбасы денсаулығы орталығының жұмысымен танысты. Мұнда 9 дәрігерлік бөлімде 14540 адам қаралады. 7 дәрігер жалпы тәжірибедегі дәрігерлік учаскеде, 2 маман педиатриялық бөлімде ем-дом көрсетеді. Орталық меңгерушісінің сөзінше, кадр тапшылығы байқалмайды. Барлық қызметкер республикалық, шет елдік жоғары оқу орындарында біліктіліктерін арттыруда. Тегін дәрі-дәрмек уақытылы беріледі. Дәрігердің қабылдауына жазылу электронды түрде жүргізіледі. Науқастарға шұғыл көмек кезектен тыс көрсетіледі.

Депутаттар осы меке­менің Сәтбаев қалалық клиникасында да болып, ондағы медициналық қызмет көрсету сапасын бақылап қайтты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.