Қазақ поэзиясының Құлагері

Орталықтандырылған кітапхананың коворкинг залында «Қазақ поэзиясының Құлагері» ақын, қоғам қайраткері, өнертанушы Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай буктрейлер ұйымдастырылды.

Қандай да бір көркем шығарма жайында айтылатын шағын бейнетүсірілім буктрейлер деп аталады. Мұндай түсірілімдердің мақсаты – кітаптарды, шығармаларды таныстыру, насихаттау. Шарада оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты ақпарат берілді. Буктрейлер арқылы «Құлагер» поэмасы таныстырылды. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар ат жарысы, Құлагердің мерт болуы, Ақанның қайғы-шерге көмілуі арқылы суреттелді.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) дүние есігін ашты. Жас күнінен бастап ән мен күйге, өлең-жырға құмар болып өсті. Ұлы Абайдың поэзиясымен танысқаннан кейін жан дүниесінде ерекше сергектік, сілкініс пайда болады. Өз үйінде әкесінен хат танып, молда алдын көрген ол жүйелі түрде білім алмақ болып Алматыға келеді. Мұғалімдер институты жанындағы қысқа мерзімді курста оқиды.
Қыршынынан қиылған есіл ғұмыр темір тордың ар жағында жендеттерден аяусыз тепкі көріп, жаны мен тәні азапталып, сұм саясаттың құрбаны болды. Жетісу жерінің желдей ескен жүйрігі, сұлу сөздің зергері Ілияс Жансүгіров өмірден осылай өтті. Қасіретті жылдардың құрбаны болды.

Иә, сол кездегі зиялы толқын қазақ халқының бағына, жарқын болашағына туған асылдар еді. Көзі ашық оқығандарынан, көкірегі ояу серкелерінен қол үзіп, боз далада жетім қозыдай маңырап қалың қазақ қалды. Өткенге – салауат. Бұл – біздің ұлттың қасіретті тарихының бір парағы ғана.

Шара соңында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі А.Сарина «Дала жұлдызы» атты кітап көрмесінде ақынның аманат етіп қалдырған ұмытылмас мұрасы, ұлы туындылары, асыл сөздері жайында баяндады.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.