Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің кемінде 90% электронды форматқа көшіру туралы тапсырма беріліп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға ерекше назар аударылған болатын.

Тез құбылып, өзгеріп жатқан жылдам заманда ыңғайлы және жеңіл тәсілмен қазіргі заманғы технологияларды белсенді қолдана отырып мемлекеттің қоғам үшін барлық бағытта ұтқыр қарым-қатынас жасай білуі бұқара жұртшылықтың өміріне ғана емес, тұтастай елдік бәсекелестікке де өз әсерін тигізуде. Халықтың сұраныс-талаптарын қанағаттандыру, оларға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту да мемлекеттің қаншалықты ақпараттық технологияны игергендігін көрсетіп, заман көшіне қаншалықты ілесе алғандығын айғақтайды.
Осы тұрғыдан алғанда халыққа нақты қызметтерді сапалы жүргізудің көрінісі «электрондық үкімет» арқылы жүзеге асады. «Электрондық үкімет» мемлекет атқаратын барлық қызметтер мен функцияларды электронды формат бойынша сапалы түрде жүзеге асыру дегенді білдіреді. Бұл жүйенің тиімділігі дүние жүзінде әлдеқашан дәлелденіп қойған. Мәселен, бірінші кезекте халықтың уақытын үнемдейді, мемлекеттік қызметтерге қатысты көптеген шаруаны үйде отырып-ақ шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады. Үшіншіден, электронды үкімет қоғамды қағазбастылықтан арылтып, миллиондаған қаражатты үнемдеуге көмегін тигізеді. Қазір кез келген тұлға өзіне қажетті құжатты үйінде отырып-ақ рәсімдей алады. Өйткені, электронды ақпараттық қызмет өз тиімділігін дәлелдеді.
Қазіргі уақыт Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруды, құжаттарды қараудың мерзімі мен тізбесін қысқартуды, қайталанатын рәсімдерді жоюды және адамның өзінің баруын қажетсінбейтін  ақпараттық мәліметтерді толық электрондық форматқа көшіруді көздейді. «Электронды Үкімет» веб-порталы қарапайым халық үшін тиімді, әрі қолжетімді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментімен халық арасында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «электронды үкімет» веб-порталы арқылы алудың тиімділігін насихаттау бойынша түсіндірме жұмыстар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкелері ұйымдастырылып, кітапшалар (брошюралар) таратылуда. Сондай-ақ, насихаттау баннерлері орнатылып, «электронды үкімет» веб-порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу тиімділігі туралы бейнероликтер түсіріліп, ақпараттар әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда.
Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және аталған саланың дамуына басты назар аударуымыз қажет.

Қ.Темиржанов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.

Комментарии закрыты.