Шығармашылық кеш өтті

17 мамыр күні Жезқазған қаласына қарасты Теректі ауылында əдемі бір кештің куəсі болдық. «Теректіден шыққан тектілер» жобасының аясында Жезқазған қаласының «Мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің ұйымдастыруымен киелі поэзия əлемінде өзіндік сыры мен бояуы, сезім мен сырға толы өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген ақын, сазгер «Көңіл көкжиегі», «Шырайлы шаһар Жезқазған», «Өлеңім – өмірім» кітаптарының авторы Несіпкүл Бекенқызының «Туған жерім – Теректім» атты шығармашылық кеші өтті.

Кеш «Теректі» əнімен бастау алып, жылы лебіздермен жалғасты. Сəтбаев қаласы əкімінің орынбасары Айгүл Төлендина, Жезқазған қаласы əкімдігі атынан «Мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі» ММ- нің басшысы Салтанат Нұрлыбаева сөз алып, ақынның шығармашылық кешіне қос қала басшылығы атынан алғыстарын жеткізіп, Алғыс хат пен Құрмет грамотасын табыстап, ақынның иығына шапан жауып, сый-сияпаттарын тарту етті. Сондай-ақ, Айгүл Қосманқызы ауыл кітапханасына естелік ретінде Қ.И.Сəтбаевтың 120 жылдығы аясында жарық көрген кітапты табыстады.

Поэзия – ол жүректен шыққан сөздер, халықтың рухын көтеретін, елдің қуатын арттыратын, барлығын біріктіретін күш. Несіпкүл Бекенқызы – ақындықпен қатар сазгерлікті қоса алып жүрген тұлғалардың бірі. Ол «Жезқазғанға 50 жыл», «Шашубай», «Тəуелсіз Қазақстан», «Дүйсек би баба», «Əке арманы», «Нестай толғауы», «Беу, дүние жалған-ай», күйлерінің авторы.

Ақын һәм сазгер Несіпкүл Бекенқызы кеш барысында өз өлеңдерін көпшілік қауымға ұсынса, Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармония əншілері ақынның сөзі мен əніне жазылған əндерді шырқады. Ал Қазанғап атындағы Республикалық байқаудың лауреаты Бақытжан Есмағанбетов «Əке арманы» күйін орындады. Жиылған жұрт жүректі жарып шыққан жырларды ерекше ықыласпен қабылдап, қошеметтерін аямады.

Н.Бекенқызы 1959 жылдың 12 сəуірінде Жезқазған қаласында дүниеге келіп, қасиетті «Теректі Əулие» тұсындағы Теректі ауылында 10 жылдық мектеп бітірген. Ақынның өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «Балдырған» журналында жарық көре бастаған. Бала кезінде Жезқазған қаласындағы өнерлі оқушылар байқауының жүргізуші-дикторы, əрі хор бастауышы, 10 сынып оқып жүргенде ауыл жастарынан құрылған «Жас терек» ансамблінің əншісі болған. Жоғарғы оқуды тəмамдаған Несіпкүл апа еңбек жолын ұлағатты ұстаз болып бастап, Жезқазған оқушылар сарайында 20 жыл еңбек етсе, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында қазақ тілінің мəртебесін көтеру мақсатында «Мəнерлеп оқу» үйірмесінде дəріс берген.

Шығармашылық кеште ақынның ауылдағы көзі тірі ұстаздары жəне бауырлары мен балалары ыстық ықыластарын білдіріп, Айсана атты немересі əннен шашу шашып, өз құттықтауларын жеткізді.
Рухани кеш соңында ақынның өзіне де сөз берілді. Ақын, сазгер Несіпкүл Бекенқызы өзінің шығармашылық кешіне қатысқан қонақтар мен ауыл тұрғындарына үлкен алғысын білдіріп, өз тарапынан білім нəрімен сусындатқан ауыл мектебіне қос домбыраны табыс етсе, ауыл мешіті мен кітапхана қорын толықтырып бірнеше кітаптарды тарту етті.

Жиналған жұртшылық рухани азықпен сусындап, мерекелік кештен риза болып тарқасты.

Алтынгүл Төлегенова.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.