ДІНБАСЫНЫҢ Сәтбаевқа сапары

Сәтбаев қаласында ресми сапармен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі болып қайтты.

Дінбасы сапарын қаламыздың Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттен бастады.

2002 жылы «Қазақмыс» корпорациясы кеншілер қаласының мұсылман қауымына осынау көркем мешіт ғимаратының құрылысын аяқтап, сыйға тартқан еді. Сол жылы мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысқан болатын. Дінбасы біздің қалаға 10 жылдан кейін келіп отырған сапарында Сәтбаев шаһарындағы осы мешіттің бүгінгі тыныс-тірш ілігімен танысты. Мешіттің бас имамы Бақдаулет қажы мүфтиге қала мұсылмандары арасында атқарылып отырған іс-шаралар жайында айтып берді.

Әбсаттар қажы мешітке жиналған ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасып, сапарының мақсаты Арқа жерінің мұсылман қауымымен кездесіп, қазіргі таңдағы Ислам дінінің қоғамда алып отырған орны және дәстүрлі емес діни ағымдардың адам санасына әсері жайлы алқалы басқосуда әңгіме қозғау екенін айтты. Бас мүфти мешітте дұға оқып, құран бағыштады.

Мәртебелі қонақ сапар барысында қаламыздың №15 орта мектебіне атбасын бұрып, білім ошағында оқу-тәрбие процесі қазіргі заман талабына сай жоғары деңгейде екеніне ризашылығын білдірді. Дінбасы мектеп директоры А.Тілемісоваға өзінің «Ислам – религия мира и созидания» кітабын және діни оқу орындары жайлы мағлұмат беретін жинақты сыйға тартты. Әбсаттар қажы «Нұрбөбек» балабақшасында да болып, қадірлі қонақтар кітабында тәрбиешілер мен бүлдіршіндерге арналған тілегін жазып қалдырды.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.