Қосымша білім беру – жаңашылдық үлгісі

Оқушылар сарайы – балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік, білім беру және сауықтыру бағыттары бойынша өздерінің қызығушылықтары мен қабілеттерін іске асыруға мүмкіндік беретін көпбейінді қосымша білім беру мекемесі. Өнер һәм білім ордасы талай жеткіншектің шығармашылығын шыңдауда өз септігін тигізуде. Жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығы кеншілер қаласында да өз жұмысын жүйелі жүргізуде.

Қазіргі заман жастардың жан-жақты дамыған, білімі мол, тәжірибесі орасан болуын талап етеді, еселі еңбек пен қауқарлы қабілет-қарымды қажет етеді. Сондықтан, сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарында болып отыр. Оқушылар сарайы шығармашыл жасөспірімдердің шабытын шыңдап, талабын тануға икемдеп келе жатыр. Осы мақсатта атқарылып жатқан жаңаша ізденістер мен ілкімді бастамаларға қатысты мекеме басшысы Әсем Абдраймованы әңгімеге тартқан едік.

– Оқудан тыс уақытта пайдалы дүниемен айналысқысы келетін, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруға талпынған әрбір оқушының басын қосатын орын Оқушылар сарайы екендігі мәлім. Бүгінгі уақытта мекемеде қанша балаға білім беріп келесіздер?

– Сәтбаев қаласының оқушылар сарайы 2000 жылдың 21 ақпанынан бастап қала әкімінің қолдауымен жұмыс жасап келе жатыр. Бүгінгі таңда өнер ордасында 35 үйірме жұмыс атқарады. Онда 3728 бала ауыспалы, 1656 бала тұрақты құрамда тәрбиеленуде. Оның ішінде 509-ы көпбалалы және 12-сі аз қамтылған отбасының балалары. Оқушылар сарайының білім беру құрылымына «Көркем музыка», «Көркем қолданбалы экология» бөлімдері кіреді. Сол бөлімдерге сәйкес, жеткіншектер домбыра, оның ішінде құрылған «Жас жалын», «Іңкәр сарын» ансамблдерінде, вокал, ағылшын тілі, би, қолөнер, драма, робототехника, құрастыру, дизайн, тіл дамыту, математика үйірмелері бойынша тәрбиеленуде.
2016 жылдан бастап «Тұлпар», «Сарыарқа», «Нұр» аула клубтары Оқушылар сарайының балансына берілді. Бүгінгі күні аула клубтарында балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу жұмыстары жүргізіледі. Аула клубтарында 5 нұсқаушы әр түрлі үйірмелерде жұмыс істейді. Барлық өтіп жатқан іс-шаралар әдістеме бөлімімен жүзеге асырылып, баспасөз беттерінде жарияланады.
2018-2019 оқу жылының соңғы 5 айында Оқушылар сарайының жеке есебінен сарайымыздың дәлізі, қабырға стендтері, жетістіктер бұрышы, мәжіліс залы қайтадан қалыпқа келтіріліп, би, домбыра үйірмелеріне костюмдер жаңадан тігіліп жаңартылды. Сонымен бірге жаңадан 6 домбыра аспабы, үлкен аквариум, табиғат бұрышына тірі жануарлар, өсімдіктер үшін фитолампа және қолөнер үйірмесіне 3D қалам мен тігін машинасы алынды.
– Жаһандану дәуірінде жаңашыл ізденістерге жол ашылды. Қалыптасқан оқу үрдісінде қандай ерекше жобалар жүзеге асырылуда?
– Ұйымымызда ұстаз бен тәрбиеленушінің қызығушылық­тарына, тың идеяларын іске асыруға мүмкіндік беріледі. Жоғары сынып оқушылары үшін «Көшбасшы клубы» және мүмкіндігі ерекше балаларға арналған «Біз өзгеміз, біз біргеміз» әлеуметтік жобасын солардың қатарына жатқызуға болады. Биылғы жылдан бастап әдістеме бөлімімен «Жобадағы ұстаз» бағыты бойынша 6 жоба іске асырылды. «Жарқын дауыс» М.Кулашев, «Күй қайнар» К.Кушербаева, «Мен танитын әлем» Г.Аяулина, «Сен және мен» Ж.Бакирова, «Ұлттық қазына» С.Бейсенова жүргізеді.
Тәрбие жұмыстарына арналған «Нұрлы Өркен» жобасы бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жаңа мазмұнға көшті. 2018-2019 оқу жылында аталған жобаның аясында тәрбиелік мазмұнға ие 150 шара ұйымдастырылды.
2011 жылдан бастап қалалық білім бөлімінің шешімімен Оқушылар сарайы «Балаға мейірімді – Сәтбаев қаласы» жобасына енді. Бұл жоба барлық тәрбие жұмыстарының мазмұнына кірді. Бұрынғы бағыттар жаңаша түспен, жаңа идея, жаңа ой, жаңа бастамалармен толықтырылды. «Я, Оратор» дебат клубын жоғары сынып оқушылары арасында, балаларды өз көзқарастарын танып білуге, сауатты ой тастауға, азаматтық көзқарасты меңгеруге «Карл Поппер», «АПФ» форматы арқылы ұстаздар мен дебат клубының қатысушылары үшін өткізеді.
Жазғы демалыстардың басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бұл орайда оқушыларымыз үшін «Күншуақ» жазғы лагері мен «Шамшырақ» сауықтыру лагері жұмыс істейтін болады. Бұл балалардың демалысын қызықты әрі танымды өткізуге мүмкіндік бермек.
– Жасөспірім жеткен жетістік тек бала мен ата-ана үшін ғана емес, білім берген ұйымның да еселі еңбегі. Бұл орайда Оқушылар сарайының мақтан қыларлық жетістігі аз емес шығар…
– Балалардың жетістігі – бұл біздің үлкен мақтанышымыз. Әртүрлі деңгейдегі конкурстарға 136 шәкіртіміз қатысып үлгерді. Оның 112-сі жүлделі орындарға ие болды. «Жаңа жұлдыз», «Домбыра», «Магия пряжи», «Арт дизайн» «Цветная галактика», «Ғажайып палитра», «Сұлу Ай» жетекшілері мен тәрбиеленушілері Диас Хамит, Асыл Ерболатқызы, Аяулым Болат, «Жас жалын», «Іңкәр сарын» ансамблдері Оқушылар сарайының ғана мақтанышы емес, қала мақтанышына айналуда.
Қазіргі уақытта сұранысқа ие болған робототехника үйірмесінде тәрбиеленушілер жарыстардан құр қалып жүрген жоқ. Робототехника бөлмесі арнайы бағдарламалы 6 компьютермен жабдықталған. Олар «RobоLand-2018» байқауының қалалық кезеңінде үздік өнер көрсетіп, түрлі номинацияларға ие болды.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– 2019-2020 оқу жылында Сәтбаев қаласының Оқушылар сарайы замануи технологиямен жабдықталған технопарк ашуды жоспарлауда. Бұл парк білім ордасында тәрбиеленіп жатқан оқушыларға жаратылыстанудың заңдылықтарын үйретіп, экспонаттар арқылы қызығушылықпен білімді аттракционға қатысуды меңгертеді. Бұл бағыт бойынша ауқымды жұмыстар басталып кетті. Тірі хайуанаттарға арналған жасыл қабырға, үлкен аквариум, тірі құстар болашақта жасанды динозавр, жиналмалы лего конструктарлар мен үлкен интерактивті паркке айналдыру көзделініп отыр. Болашақта оқушылар сарайының жаңа ғимаратын мүмкіндігі ерекше балаларға қауіпсіз жағдайда қоршаған ортаны еркін тануға арналған сенсорлы бөлмені, заманауи үлгідегі «Робототехника» бөлмесін, ағылшын тілі, музыка, оқытудың ерте деңгейіндегі балалар үшін арнайы комплексті қызмет түрлерін іске асыруды жоспарлап отырмыз.
XXI ғасыр білім беру кеңістігінде жеке тұлғаның тұлға ретінде өзіндік көзқарасын айқындайды. Осыған сәйкес болашақта ғимаратымызда балалардың оқу және демалуына пайдаланатын 5 аймақ құруды көздеп отырмыз. Олар жеке оқу, топпен оқу және даму ортасы, кездесулер мен дискуссиялар орталығы, зертханалар мен талдаулар ортасы, ұсыныстар мен жаңашылдықтар ортасы, жаттықтыру бөлмесі және «Үлкендерсіз аймақ» (балалар демалатын орын). Болашақта қосымша білім беру жүйесі жаңашылдық ортасына айналып, Оқушылар сарайының оқу-тәрбие үрдісін балалардың жан-жақты дамуымен, жаңа ойларды қалыптастырушы және жастарды танымдық, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде өзіне және қоғамға пайда тигізетін орта болатын деңгейге көтеруді көздейміз.
Білім – әр адамның ақыл-ойы мен өмір танымын қалыптастырушы тірек. Сондықтан, қосымша білімдегі ұстаздарға белгілі бір нәтижеге жету үшін қойылатын бүгінгі заман талабы – өзіндік ой-тұжырымы бар, логикалық ойлау қабілеті дамыған, өз жолын дұрыс таңдай алатын жас ұрпақ тәрбиелеу.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.