АҚТЫ АҚ, ҚАРАНЫ ҚАРА ДЕГІЗГЕН конференция

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажының Сәтбаев қаласына сапары аясында Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Ислам – бейбітшілік және жасампаздық діні» атты конференция өтті. Конференцияны Сәтбаев қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов ашып, жүргізді. Басқосуға Әбсаттар қажы бастаған Діни Басқарма мен еліміздің жоғары оқу орындарының бірқатар теолог ғалымдары және Қарағанды облысының дін істері Департаментінің директоры Серік Тілекбаев қатысты.

Конференцияға қаламыздағы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Қала басшысы кіріспе сөзінде қазіргі заманда Қазақстанда дінаралық келісімді қалыптастыратын мемлекеттік саясаты бар зайырлы мемлекет моделі құрылғанын және елімізде әртүрлі діндер мен ұлттар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүру мүмкіндігі барлығын атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдары адамдардың рухани сұраныстары мемлекет тарапынан қолдау тауып, жүздеген мешіттер ашылды, – деді қала әкімі. – Дегенмен, бүгінгі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып, ислам діні төңірегінде түрлі дау тудырып отырған дәстүрлі емес ағымдардың әрекеттері кімді де болса бейжай қалдырмайды. Сол себептен ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі ислам дінінің шынайы жолы жайында жұртшылыққа, әсіресе жастарға айқын ақпарат беру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты да осы, – деп атап көрсетті қала басшысы.

Конференция жұмысын бастаған Әбсаттар қажы өз сөзін ұлы ғұлама ғалым, еліміздің мақтанышы Қаныш Сәтбаев атын иеленіп отырған қаланың жамиғатына бағыштап, қошеметін білдірді.

Дінбасы осындай конференцияның еліміздің түкпіртүкпірінде өткізілгенін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарында ислам дінінің ахуалын жақсарту мақсатындағы игі ісшараларға тоқталды.

– Дін саласындағы жетістіктер өте қомақты, – деді бас мүфти. – Қазақстан енді Тәуелсіздік алған кезде бар-жоғы 68 мешіт болды, ал қазір мұсылман қауымға 2500 мешіт қызмет жасап отыр. Біз, бірақ, білімді имамдарға қат болдық. Жастарды араб елдеріне жіберіп, дін қызметкерлерін дайындауға мәжбүр едік. Қазіргі кезде өз жерімізде ислам ілімінен дәріс беретін, білікті маман-ғалымдар даярлайтын жоғары оқу орындары, имамдардың білімін жетілдіретін арнайы курстар, өскелең ұрпақты дін жолында тәрбиелейтін медреселер ашылды. Тек соңғы бір жылда алты медресені 131, ал «НұрМүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетін 65 түлек бітірді. Дегенмен, әлі де білікті де білімді, Құдай сөзін жалпы жамиғатқа жүректеріне жеткізе алатын имамдар саны жеткіліксіз. Әсіресе, әлемнің әр түкпірінен жымысқылап келген түрлі миссионерлердің арбауына түскен жастарымыз арасында шынайы ислам дінін насихаттау – өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әлі де болса, халқымыз діни сауатсыз. Көпшілік күнделікті тіршілік қамымен әуре. Ал, жастарды рухани азғындықтан қалай құтқарамыз?! Дінбасы соңғы он жылдан бері орта мектеп бағдарламасына бастауыш сыныптардан бастап ұлттық, салт-дәстүрімізге негізделген «дінтану», немесе «имандылық» пәнін тұрақты енгізу мәселесін ұсынып келгендерін тілге тиек етті. Мұның астарында жас ұрпақ ата-бабамыздың асыл діні сіңірілген ұлттық салт-дәстүрімізді оқып, қанықса деген ізгі мақсат тұр.

– Тоқ етері, – деді Әбсаттар қажы, – дін туралы соңғы қабылданған заңымызда мойындалып танылған тек Ханафи мәзһабы (жолы) аясында жас ұрпақ діни білім алмай, бүгінгі жаппай діни сауатсыздықтан арылу мүмкін емес.

– Негізінен, – деп қорытындылады сөзін бас мүфти, – Ислам қоғамды өркениетке, кемелдендіруге, келісімге, қауымдастыққа, рақымшылық пен қайырымдылыққа шақырады. Ислам діні – ғылым мен білім негіздеріне тұрақталған, адамның рухани байлығын молайтатын дін. Біз қазақ елін тек тыныштық пен келісімге, татулық пен бірлікке шақыратын діндерді ғана қолдаймыз және Қазақстан соған сәйкес дамиды деп сенеміз.

Әбсаттар қажы қала әкімі Бауыржан Шыңғысовқа өзінің дін мәселесіне қатысты жазылған еңбектерінің жинақ кітаптарын табыс етті.

Жиналған қауымға ислам дінінің ахуалы мен «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау» зекет қоры жайлы бейнефильм көрсетілді.

Конференция барысында «Нұр Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінің Дінтану кафедрасының меңгерушісі, теология ғылымының докторы Алау Әділбай «Ислам және терроризм – кереғар ұғымдар» тақырыбында баяндама жасады.

Ислам дінінің қайнар көздері Құран Кәрімге, Пайғамбарымыздың сүннеттеріне негізделеді. Бұл дін тек қана рақымшылық пен мейірімділікті насихаттайды. Ислам дінін терроризммен ұштастыру – ол тарихи қателік, бұл дінге жасалып жатқан үлкен қиянат. Шын мәнінде, ислам діні бүкіл адамзаттың дамуына, ғылым мен білімнің дамуына үлкен үлес қосқан дін.

Сонымен бірге, Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында «джихад» ұғымы қате түсіндіріліп жүр. Бұл ұғымды «священная война» деп аударады. Ислам ілімі бойынша, шындығында, бұл ұғым – Алла Тағаланың ризашылығы жолында бастайтын кез-келген іс-шара джихад болып саналады. Сондықтан да Алла Тағаланың ризашылығын алу – әр мұсылманның парызы, міндеті. Ал, Жаратқан ие адамның адамды өлтіруіне өз ризашылығын білдіре ме? Білдірмейді. Исламда көптеген асыл құндылықтар бар. Бірақ, соларды көрмей, «джихад» ұғымын экстремизммен, терроризммен байланыстыруда астыртын саясат жатыр.

Ислам дінінде бейбіт адамдарды өлтіруге қатаң тыйым жасалған. Мұсылманшылдықты жалған жамылған кереғар ағымдар «джихад» ұғымын қате түсініп, террорлық қимылдарға пайдаланып жүр. Ислам ешқашанда дініне, діліне, нәсіліне қатысты зорлық-зомбылық жасауға шақырмайды және ондай қимылдар ислам тарихында болған емес. Террорлық орталықтарды Батыс елдерінде құрылып, бір сценариймен жүргізілген алпауыт елдердің қақтығысы ретінде қарау керек. Өйткені, Кеңес Одағы тарағаннан кейін, Батыс елдеріне кезекті жау, құбыжық керек болды. Оны саясатшыл топтар ислам экстремизмі деп атап, дүние жүзіне сондай үрей туғызды. – Осындай жағдайда біз исламның шынайы құндылықтары мен жақсылықтарына өскелең ұрпақты үйретіп тәрбиелесек, біздің ғылымға, білімге қосар үлесіміз болады, – деп аяқтады теолог-ғалым.

Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының Діни оқуағарту бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Смайыл Сейітбеков қазіргі заманда кеңінен тараған уахабизм, салафизм ағымдары жайлы мағлұмат берді. Бұл ағымдар дін емес, діннің ішінен шыққан саяси ұйымдар. Баяндамашы осы ағымдардың шығу тарихына шолу жасап, олардың ислам дінінде ұстанып келе жатқан шариғат жолдарына кереғар әсер ететінін тілге тиек етті.

Конференцияда ислам дінінің дамуы мен оның өркениетке әсері жайлы ҚМДБ-ның ақпарат басшысы, теологғалым Балтабек Мырзаев айтып өтті. Қазақстан қажылары қауымдастығының төрағасы Еркін Дуанаев сөзін «Ислам дінінің құндылықтарын толығынан білеміз бе?» деген сұрақтан бастады.

– Біз «мұсылман», «ислам» дегенде, ең алдымен, «мешіт, соның төңірегіндегі имамдар мен жақынымыз қайтқанда іздейтін молдалар» деп ойлаймыз, солай қабылдаймыз, – деді Еркін қажы. – Жоқ, олай емес. Ислам құндылықтары, жалпы ислам ілімі – қасиетті Құранда көрсетілген сара жолда, ісімен де, сөзімен де үлгі болған Пайғамбарымыздың хадистерінде.

Дін деп тек бір Жаратушыдан түскен өмір сүру жүйесі және адам мен Құдай арасындағы тәртіп заңдары екенін мойындасақ, біз мұсылман санатына жатамыз.

Жалған, адамзат ойдан шығарған «діндер» – экономикалық мақсатқа, ұлттық мүддеге көзделген немесе Алланың хақ дініне қарсы саяси ұғымдардың жасаған айласы. Адам ұлтына, түр-түсіне, киген киіміне, сақалына қарап мұсылман болмайды. Бұл – ұлтты, мәдениетті, салтдәстүрді белгілейтін ұғымдар. Мұсылмандық – тек шынайы жүрекпен, ықыласты амалмен, таза ниетпен қабыл болатын рухани қасиетті ұғым.

«Сіздерді сынау үшін түрліше ұлт, ұлыс етіп жараттым, қаласам бір-ақ ұлт етер едім», – дейді Хижра сүресінде. Ислам бүкіл адамзатты теңдікке, татулыққа үндейді, артықшылық тек құлшылықта екенін баяндайды. Мұсылман болу үшін бүкіл адамзаттың араб мәдениетін ұстануының тіпті де қажеті жоқ. Алтындалған киімімен, бриллиантталған көлігімен ешқандай араб шейхы жәннатқа кіре алмайды. Жәннатқа таза жүрекпен, ізгі ниетпен, сауапты амалмен, Аллаға деген кіршіксіз махаббатпен ғана кіреді.

Ислам дінін ұстанған жалған діндарларға, дүмше молдаларға қарап ақиқат діні – Исламға баға беруге болмайды. Алла сүйіп жаратқан пендесіне түсірген дін – мінсіз. Ислам кемшіліктен пәк, түрліше ойлау Алланың біздерге берген рақыметі екенін түсінген адам дана, себебі нағыз шынайы демократия – дінде, ислам дінінде.

Осы дін негізінде халқымыздың рухани құндылықтарын, ата-баба дәстүрін тіліміз бен мәдениетімізді сақтап қалуға ұмтылуымыз керек.

Сәтбаев қаласының мәдени-сауық орталығының директоры Бақытжан Жайлаубаев қала жұртшылығының, оның ішінде жастардың, имандылығын, рухани деңгейін арттыру мақсатындағы игі іс-шаралар жайында баяндады.

Конференция соңында қала әкімі Әбсаттар қажы мен онымен еріп келген азаматтарға қала жұртшылығы атынан маңызды да мазмұнды басқосу өткізгені үшін ризашылығын білдіріп, ислам дінін насихаттау жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.