Бірінші сессия жұмысын бастады

Бесінші шақырылған Сәтбаев қалалық мәслихатының  I сессиясы сейсенбі күні өтіп, күн тәртібінде негізінен ұйымдастыру мәселелері қаралды. Қала әкімі Бауыржан Шыңғысов, депутаттар, әкімнің орынбасарлары, қалалық мекеме басшылары қатысқан сессия жұмысын қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Нина Геймбух жүргізді.

Бірінші мәселеге орай Н.Геймбух 15 қаңтарда өткен облыстық және қалалық мәслихаттары депутаттарының сайлау қорытындысын жариялады. Сайлау комиссиясының төрайымы депутаттарға куәліктерін және төсбелгілерін тапсырып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

№7 сайлау округінен сайланған Татьяна Хмилярчук сөз алып, жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға бар білім, күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Сессияның күн тәртібіндегі «Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысын сайлау туралы» мәселе оған дейін өткізілген «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев филиалы саяси кең есінің отырысында қаралып, кеңестің ұйғарымы бойынша қалалық мәслихаттың хатшылығына депутат Серік Имамбайдың кандидатурасы ұсынылған болатын. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан толық қолдау тапты.

Төртінші шақырылымда хатшылықты атқарған С.Имамбай бұрынғы қызметіне қайта сайланып, сессия жұмысының тізгінін өз қолына алды.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселелер бойынша мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы және оның төрағалары бекітілді.

Келесі кезекте депутаттардың назарына мәслихаттың II сессиясының күн тәртібі ұсынылып, төрағасы болып депутат Жақия Күнеділов сайланды.

Қала әкімі Б.Шыңғысов депутаттарды жеңістерімен құттықтап, сайлаудың сауатты да белсенді өткендігіне алғысын айтты.

– Осының бәрі бірлік пен татулықтың, ынтымақтың арқасында деп ойлаймын. Халықтың өзі таңдаған қалаулылары ел сенімін ақтайды деген сенімдемін, – деді қала басшысы.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.