Жаңа жоба мәреге жетті

«Жастар жылы» аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен жергілікті «Ақшам» телеарнасының ұйымдастыруымен, Оқушылар сарайы мен «etozhez» инстаграм әлеуметтік парақшасының бірлескен жұмысы нәтижесінде алғаш рет қаламызда аймақтық «Жарқын дауыс» телевизиялық ән байқауы ұйымдастырылған болатын. Осы жаңа жоба дүйсенбіде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында түйінделді…

Алғаш рет ұйымдастырылған жобаға қолдау көрсетуге шаһар басшысы Асқар Ыдырысов, қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина қатысып, өз құттықтауларын білдірді. Атап өтейік, аталған жоба үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде ағымдағы жылдың 27-28 сәуір аралығында кастинг өткізіліп, жалпы саны 54 өнерпаз бақтарын сынаған еді. Екінші кезеңге, яғни жартылай финалға 21 үміткер жолдама алса, қазылар шешімімен финалда 14 өнерпаз өзара сынға түсті.

Екі сағатқа созылған шешуші сәтте өперпаздар барын салып бақты. Белсене қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хат табысталса, түрлі номинациялар иегерлері де анықталды. Ал инстаграм әлеуметтік желісі арқылы көп дауыс жинаған өнерпаз Диас Хамитке «Ақшам» телеарнасы атынан «Инстаграм жұлдызы» номинациясы берілді.

Одан әрі « Жарқын дауыс» иегерлері анықталып, қала басшысы Асқар Абылайұлы марапаттау шарасын өткізді. Қазылар алқасының шешімімен Ботакөз Кәрім үшінші орын, Ұлытау ауданынан келген Ерден Шакарман екінші орын иегері атанса, Ақмоншақ Шахманова «Жарқын дауыс» байқауының бірінші орын иегері атанды. Ал, Диас Хамит «Жарқын дауыс» жобасының бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Аталған жоба алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.