Қажылыққа барып келді

Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен тегін жолдамаға ие болған Темірғали ата Меккеге барғандағы әсерімен бөліскен еді. Ол кісі қажылықтың ерекшеліктері мен маңыздылығына да тоқталды.

– Бес парыздың соңғысы – қажылыққа адам баласы шын ниетімен барып, дұға етуі керек. Қандай да бір мақтан, яки атақ-дәреже үшін бару үлкен қателік. Тек Алла разылығы үшін жасаған қажылығыңыз шын мәнісінде қабыл болады. Меккеге аяғымды тигізу үлкен арманым болатын. Аллаға шүкір, қасиетті жерде құлшылық етудің қандай керемет екенін сезіндім. Әл Харам, Айша, Құба мешітінде намаз оқып, Арафат, Ухут тауына шығып, Мұздалифа, Мина жеріне сапарладық. Еліміздің тыныштығы үшін арнайы дұға жасадым. Түсі мен тілі, ұлты мен әдет ғұрпы, ділі мен талғамы әртүрлі миллиондаған мұсылмандар бір жерге жиналып, құлшылық еткенде мына жалғанда жалғыз емес екеніңді сезіне түседі екенсің. Олардың кейбіреуімен танысып, сұхбаттасып, түрлі тақырыптарда пікір алмастық. Жамағатпен намаз оқып, басқа да қажылық құлшылықтарын бірге жасадық. Бұл бауырмашылдық сезімдерімізді күшейтіп, бір үммет екендігімізді еске салады, – деген Темірғали ата ораза айында сапарға шығуына тікелей себепші болған Б.Балқыбайұлы мешітінің бас имамы Қондыбай қажы Серікбайұлына зор алғысын білдірді.

Мира ШАХАТ.

Комментарии закрыты.