Ғасырдың қара зұлматы

Суицид, яғни өзін өзі өлтіруге әрекет ету, өкінішке орай, Қазақстанда да қаулап келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін өзі өлтіреді екен. Мамандардың айтуынша, бұл қайғылы құбылыс 2020 жылдарға қарай бір жарым есеге артады. Соңғы бес жылда аман қалғандарын қоспағанда, өз өзіне қол жұмсаған 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны 7 пайызға өскен! Бұл әлеуметтік те өзекті мәселемен біздің қаланың мектептеріндегі психолог мамандар да айналысуда. Солардың бірі – Весовая елді мекеніндегі №10 орта мектептің психологі Сәндігүл Аманбайқызы КӨШКІНБАЕВА. Бүгінгі сұхбатымызды елді алаңдатып отырған осы мәселеге арнадық.

– Сәндігүл Аманбайқызы, сіз педагог-психолог ретінде біраз тәжірибеңіз бар мамансыз. Осы ғасырдың зұлматы жайлы, туындау себептері жайлы кеңінен әңгімелеп берсеңіз.

– Жақсы істер де, жаман істер де алдымен отбасындағы іс-әрекеттен басталады ғой. Біздің қоғамда отбасы қызметі соңғы 100 жылдықта қатты өзгерді.

Баланың ата-анасымен және құрбыларымен қарым-қатынаста болуы әлеуметпен кездесуге дайындық болып табылады. Осылайша, отбасы оларға белгілі бір әлеуметтік мінезқұлық қалыптастырып, өзара қимыл тәсілдерге үйретеді. Қазіргі кезде баланың әлеуметтенуі оның құрбықұрдастарымен қарым-қатынасы және мектеп, қоршаған орта туралы түсінігі басты рөлге ие екендігі мойындалып отыр. Қалай десек те, қоршаған ортада болып жатқан жағдайларды бала бағалай отырып, бәрінен бұрын өзінің ең жақын туыстарының тәжірибесіне сүйенеді. Осылайша, баланың отбасында меңгерген ісәрекет үлгілері, оның келесі бір әлеуметтік тәжірибесін айқындайды.

– Суицидалды мінез-құлық деген ұғымды қалай түсінеміз?

– Суицидалды мінез-құлық – адамның саналы түрде өзін-өзі өлтіргісі келетін тұлғаның мінез-құлқының бір түрі. Суициалды мінез-құлықтың белгілі бір формасы, тәсілі, даму стадиясы, тәуекел факторлары болады. Суицидалды мінез-құлыққа адамның жас ерекшелігі, жынысы, кәсіби ерекшелігі, өмірлік жолының ерекшелігі де әсер етеді.

Отбасындағы қақтығыстарға байланысты 9 жасқа дейін 2,5%, ал 9 жастан кейін 80% өзін өзі өлтіру әрекетіне барады екен. Жеткіншек кезеңінде суицидалды әрекеттің себебі болып ата-анасымен, мұғалімдерімен қақтығысқа бару салдары болып табылады. Жастар арасында, әсіресе, қыз балалар жауапсыз махаббат кесірінен суицидалды әрекеттерге баратыны анықталған.

Суицидтың ең жиі кездесетін кезі 15-24 жас аралығы. Өзін өзі өлтіруге бармас бұрын суициденттердің көбі дайындық кезеңі – суицидалды кезеңінен өтеді. Ол адамның бейімделу қабілетінің, қызығушылық деңгейінің төмендеуі, қарым-қатынастың шектелуі, мазасызданғыш, эмоционалды тұрақсыз болуы сияқты себептермен сипатталады.

Суицидалды мінез-құлық балалар үйінде және толық емес отбасында өскен балалар арасында да жиі кездеседі. Сонымен қатар, отбасыаралық қақтығыс, әке-шешесінің айырылысуына да байланысты болады. Суицидалды мінез-құлық көбінесе депрессия кезінде, алкогольдік, токсикомания, психопатия және аффект кезінде жиі кездеседі.

– Суицид оқиғаларының жиілеуіне нелер себепкер болады дейсіз?

– Көбінесе жастардың суицидке баруы өмір тәжірибелерінің болмауына, олардың алдарына қойған мақсаттарына жете алмау себептеріне және өмір қиындықтарына шыдамауына байланысты болады.

И.П.Павлов өзін өзі өлтіруді «мақсат рефлексін» жоғалту деп түсіндірген. Осыған байланысты ол: «Мақсат рефлексі әр адамның өмір мәні және энергия көзі. Өмір қызығы – бір мақсатқа жетуге талпыну, егер сол мақсатқа жете алмаса басқа мақсатты көздеп соған қол жеткізу, қызығу, ұмтылу. Соған байланысты біздің өміріміз гүлденеді және мәндене түседі. Егер адамның өмірінде мақсат жоғалса оның өмірі мәнсіз болады. Сол себепке байланысты, біз өлген адамдар артынан қалған қағаздардан олардың өмірлерінің мәні жоғалғанына байланысты олар өз өздерін өлтіруге мәжбүр болғандарын ұғынамыз. Бірақ, адам өміріндегі мақсаттар саны шексіз…» деген.

Мамандар жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар дейді. Ғалымдар бұл абыройсыз өлім кейде ақыл-есі кемдіктен де болады деген болжам айтады.

– Депрессия ұғымы мен суицидтің байланысы…

– Депрессия дегеніміз торығу деген ұғымды білдіреді. Суицид жағдайында жан үзетіндердің көбі торығудың торынан құтылудың жолы – өлім деп біліп, солай шешім қабылдайды. Әлеуметтік жағдайлар, жалғыздық, ұзақ ауыру соңы да депрессияға ұшырауға үлкен әсерін тигізіп, өлімге әкеледі. Өзін-өзі өлтіруге көбінесе жеке бастың проблемалары итермелейді. Қазіргі кезде жастар өздерінің өмірлерін бағалай алмайды. Егер бір проблеманы шеше алмай жатса, олар өз өмірлерін қиюға даяр болады, өйткені, олардың ойларынша, олар тек осылай ғана тыныштық, уайым-қайғысыз өмір және махаббат табатын сияқты.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Әрине, суицид тақырыбы таусылмайтын, кең көлемді қамтитын тақырып. Сондықтан әңгімеміз әлі де жалғасын табады деп сенемін.

Әңгімені жүргізген Марал ШАХАЕВА, қала прокуроры жанынан құрылған жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу және ескерту жөніндегі жұмылдыру тобының мүшесі.

Комментарии закрыты.