Көпбалалы аналарға кеңес берілді

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында мемлекеттік мекемелердің, қалалық әкімдіктің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қатысуымен көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдау бағытында кеңес беру күні өткізілді.

Аталмыш шара барысында Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов сөз алып көпбалалы аналарымызға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің қалалық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстары жайын тілге тиек етті. Атап өтейік, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек қала бойынша 285 отбасыға жалпы саны 22 млн 85 мың теңге берілсе, 1 маусымнан бастап қалалық қоғамдық көліктерде көп балалы аналарға тегін жүру, көп балалы отбасыларға жұмыспен қамтуға көмектесу шаралары кеңейтілмек. «Жексенбілік бизнес мектебі» ақысыз ашылып, білім алғандарға сертификаттар табысталып, сол сертификат арқылы грант пен микрокредит алуға жол ашылмақ. Көп балалы аз қамтылған отбасылар үшін «Қамқор» орталығында фрилансер мектебі ашылған. Республикалық деңгейде қабылданған шаралармен қатар жергілікті бюджеттен де қолдау көрсетілуде. Білім саласында көп балалы отбасылардың 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, спорттық сауықтыру кешені және «Жастар» спорт сарайындағы түрлі үйірмелерге тегін қатысу, балабақшада көпбалалы отбасының бір баласына 50% жеңілдік қарастырылған. Табысы аз азаматтарға баспана мәселесін шешу бойынша жұмыстар қолға алынып, көп балалы отбасына биыл 31 пәтер бөлінсе, «Қазақмыс» корпорациясы» өз жұмыскерлеріне де пәтер алуға көмек көрсетпек. Аталған кеңес беру күнінде Қарағанды қаласынан арнайы келген істер макеттерін қалыптастыру басқармасының жетекші сарапшысы Дина Сұлтанова 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға табысталатын куәлік бойынша ақпарат жеткізсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қаржы кеңесшісі Жаннат Бигельдинова аталған банк арқылы баспана алу бойынша қарастырылған жеңілдіктер бағытын түсіндіріп өтті. Одан әрі кеңес алуға келген көп балалы аналар әр саланың мамандарынан өздеріне қажетті сұрақтарының жауабын алып, толыққанды кеңеспен ақпараттанды.

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.