Жүгенсіз жүргендерді жөнге салды

Түнгі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімге заңды өкілсіз жүруіне тыйым салынады. ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске сәйкес, 22.00-ден бастап ойын-сауық орындарында, ал 23.00-ден кейін ата-анасыз көшеде жүруге рұқсат жоқ. Алайда, заңның бұл талабын қаланың кей тұрғындары елеп-ескермейтін болып шықты.

Жуырда полиция қызметкерлерінің шаһардағы білім беру мекеме басшыларымен бірлесіп ұйымдастырған «Балалар түнгі уақытта» рейді осы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған болатын.
Жасыратыны жоқ, түнгі кезбелік – балалар мен жасөспірімдерді қылмыс әлеміне апаратын төте жол. Олай дейтініміз, кейінгі уақытта осындай жеткіншектердің қатысуымен болатын теріс әрекеттер елімізде көбеймесе, азаймай отыр. Оның қайткенде де алдын алу керек. Осы бағытта полиция бөлімімен жоспарлы рейдтер ұйымдастырылуда.

– Кезекті оқу жылының аяқталуына байланысты Сәтбаев қалалық ПБ ЖПҚ қызметкерлері, мектеп директорлары мен мұғалімдерімен бірлесіп тексеру рейді ұйымдастырылуда. Кәмелетке толмаған жасөпірімдердің түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрмеуін қадағалаймыз. Бұл шара жиі өткізілетін болады. Бүгін топқа бөлініп, қаладағы ойын-сауық мекемелерін аралаймыз, оның ішінде кафелер, түнгі клубтар, ойын клубтарын тексереміз, – деді Сәтбаев қалалық ПБ ЖПҚ басшысы Сабыржан Сейтжанов.

Біз де полиция инспекторларымен бірлесіп, көпшілік жиналатын ойын-сауық орындарын араладық. Алғашқы бағытымыз қалалық әкімшілікке қарама-қарсы тұрған «Бәйтерек» кафесі. Сағат 23.00-тің шамасы. Әп сәтте кәмелет жасына толмаған үш бала тәртіп сақшыларының «құрығына» ілініп үлгерді. Заңды өкілсіз «сауық» құрған бұл үшеу полиция бөліміне жеке басын анықтау үшін жеткізілді. Тәртіп сақшысы бұл жағдайда ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылып, олардың 3 АЕК есебінде айыппұл арқалайтынын ескертті. Ал, кәмелет жасына жетпеген жеткіншектерге түнгі уақытта қызмет көрсеткен кафе иесіне де айыппұл тағайындалғанын айта кеткен жөн.

Бұдан кейін қаладағы бірнеше ойын клубына бас сұқтық. Алайда «нәтижесіз». Он сегізге толмаған жасөспірімдер ойын орындарынан жапа-тармағай «қашты» ма белгісіз, бұл жолы сақшылардың назарына ілікпеді. Десе де, полиция қызметкерлері мұндай тосын тексерісті алдағы уақытта жүргізе беретінін айтты.

Комментарии закрыты.