Бизнес мектептің берері мол

Кәсіпкерлік қажырлы еңбекті қажет етеді. Қазіргі тілмен айтсақ, бизнесмен болу, өз өніміңді ұсынып, оны айналымға шығару және өз мүлкіне өзі иелік етуді қалайтындар саны артып келеді. Алайда, бұған тек армандап қоя салу жетпейді. Білікті мамандардан қажет кеңес алып, бизнес тетіктерін түгелдей меңгеріп шығу керек. Бұл орайда сәтбаевтық тұрғындар үшін екі ай бұрын ілкімді шара қолға алынған еді. Қала басшысы Асқар Ыдырысовтың бастамасымен оқушылар мен студенттерге, көпбалалары аналар және жұмыссыздарға арналған жексенбілік бизнес мектебі ұйымдастырылған болатын. Өткен аптада сол мектепті тәмамдаған қатысушыларға куәлік тапсырылып, жүзеге асырғысы келген бизнес-жоспарларын жұртшылыққа таныстырды.

Екі айлық сабақ барысында қатысушыларға кәсіп ашудың негізгі құралдары түсіндіріліп, бизнес-жоспар дайындауға көмек көрсетілген. Қарағанды қаласынан арнайы шақырылған білікті маман жексенбілік бизнес мектебін жүргізіп, сәтбаевтықтардың кәсіп ашуға деген құлшыныстарын арттырды. Екі ай көлемінде мектепке барлығы 300 қатысушы жазылып, олардың 78-і нақты іске асырар кәсібін айқындады. Енді олар бизнес-жоспарды іске асыруға кіріскен.

Болашақ кәсіпкерлер барлығы 170 сағат ішінде бизнес бастау мен оны ілгерілету жөнінде 5 жаттықтырушыдан сабақ алған. Өткен аптада бастау алған жаңа жобаның соңғы сабағы өткізіліп, 10 бизнес-жоба таныстырылды.

– Міне, екі айға жуық уақытта бизнес мектебіне қатысушылар саны 300-ге жетіп жығылды. Мектепте білім алғандардың 60 пайызын мектеп оқушылары, 10 пайызын коллеж студенттері құрады. 15 пайызы жұмыссыздар мен көпбалалы аналар болса, қалған 15 пайызы бастаушы кәсіпкерлердің үлесіне тиді. Біз ең бастысы оқытудағы негізгі мақсатымызға жетіп, жеке кәсібін ашуға ниет білдірген азаматтарға біршама көмек қолын создық. Жексенбілік бизнес мектеп көпшілік үшін өте тиімді болғанын жасырмаған жөн. Кәсіп ашу үшін ең біріншіден айқын мақсат болуы керек деп ойлаймын. Бұл мақсатқа сай терең білім алу керек. Дана халқымыз «Кәсіп түбі – береке» деп тегін айтпаса керек. Ізденімпаз, жан-жақты дамыған азамат болу қажет. Біз сіздерді әрқашан қолдауға әзірміз, – деді қала басшысы мектепті қорытындылау сәтінде
Асқар Абылайұлы өз сөзінде Жастар жылына орай үздік, әлеуметтік маңызы басым бизнес-жобаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Осы мақсатқа орай қала басшысы жергілікті бюджет есебінен 6 миллион теңге қаржы қарастырылып отырғанын айтты. Бұл ақшалай көмектің біраз бөлігі бизнес мектепті аяқтаған қатысушыларға берілетін атап өткен жөн.

Жиынға сондай-ақ, екінші деңгейлі банк және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысты. Олардың назарына бизнес мектепте кәсіп тетіктерін жетік меңгере алған бизнес-жоспарлар ұсынылды. Жобалар қатарында фитнес-клуб, тігін цехы, автосалон, құс фермасы, компьютерлік клубты ашу болды. Құрметті қонақтар бұл жобаларды іске асыруда мемлекеттік қолдаудың барын ескертіп, қаржы ұйымдарына жолығуға шақырды.

Жиын соңында қатысушыларға мектепті тәмамдағаны туралы куәлік пен естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.