Қуғын-сүргіннің қым-қуыт ізі

ХХ ғасырдың соңына қарай қызыл империя өзінің саяси ойынын тоқтатып, құрамындағы кіріптар елдер бодандықтың бұғауынан босап шықты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-де «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Содан бері 20 мыңнан астам мұрағаттық қылмыстық іс зерттеліпті.

Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп «халық жауы» атанып, атылып кетті. Талай отбасының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Түптеп келгенде саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың дептортациясы – бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі. Ал Алаш қозғалысы мен Үкіметінің басты мақсаты – ұлттың мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, нарықтық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын, басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, жалпы алғанда қазақты ұлт ретінде сақтап қалу болды. Осы ретте лагерьлер жүйесін дүр сілкінткен Кеңгір көтерілісі, талай мың адамның тағдырына тауқымет әкелген Степлаг туралы айтпай кету мүмкін емес.

Степлаг — «халық жауларына» арналған ерекше лагерь. 1940 жылы Кеңгір өзенінің жағасында бұрынғы пионер лагерінің орнынан КСРО ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) «Жезқазған лагері және КСРО НКВД Гулаг-ның комбинаты» құрылды. 1943 жылы Үлкен Жезқазғанның іске қосылған және салынып жатқан бөлімдерінің бәрі НКВД-ның қарауына беріліп, ол «НКВД Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты», 1947 жылы №4 Ерекше лагерь немесе Степлаг деп аталды. Степлагтың басты міндеті — Жезқазған мыс комбинатын тез арада салып бітіру болды. 1940 жылдың 1 сәуірінен жұмысын бастаған лагерьде төңкеріске қарсы қылмыстылар, кісі өлтіргендер, шекарадан рұқсатсыз өткендер, армиядан қашқан және әскери қылмыстылар тұтқын болды. Сотталғандар негізінен кінәсіз жұмысшылар, колхозшылар, инженерлер, дәрігерлер және НКВД тізімі мен құрылысқа, шахталарға еңбек күші керек болғандықтан қамалған адамдардан құралды. Соғыстан кейін лагерьдегі 12 мың Кеңес тұтқындарына 8 мыңға жуық қолға түскен немістер мен жапондықтар келіп қосылды.

Лагерь Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай бөлімшелерінен тұрды. Жұмысының ауырлығы, қатаң тәртіп жағынан Степлаг басқа лагерьлерден асып кетті. Бірақ, адам төзгісіз ауыр каторгалық еңбек, аштық, жалаңаштық, ауру, мыңдаған адамдардың өлімі тұтқындардың еңсесін басып, рухын жасыта алмады. КСРО-ның барлық лагерьлеріндегідей, мұнда да зорлық-зомбылыққа, қатал тәртіпке қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп отырды. Лагерьлер жүйесінде ең көлемді, әрі ұзаққа созылған тұтқындар көтерілісі осы Степлагта болды.

1953 жылдың 27 наурызында Кеңес өкіметінің кең ауқымды амнистиясы жарияланды. Амнистия бес жыл мерзімге дейін сотталғандарды тегіс босатты. Саяси тұтқындардың көпшілігінің сотталу мерзімі 10 жылдан 25 жылға дейінгі аралықты қамтығандықтан, бұл жеңілдікке түскен жоқ. Күткен үміттері ақталмаған соң, тұтқындардың арасындағы наразылық толқулары толастамай, тіпті өршіп кетті. 1954 жылдың 16 мамырында Кеңгірде орналасқан 3 лагерь бөлімшесінің тұтқындары күзетшілерге бағынбай, басқа лагерь территориясына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзет көмегімен тәртіп бұзушылар ұсталып, абақтыға жабылды. Бірақ, тұтқындар наразылығын енді тоқтату қиын еді.

Көтерілісшілер мен ресми басшылықтың арасындағы шиеленіс 40 күнге созылып, Жезқазғанға Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитеті Төралқасының мүшесі Фурцев келген. Көтерілістің 40-шы күні, яғни 26 маусымда лагерьдің үш қақпасы және 8 қосалқы жол арқылы жалпы саны 1600 адамнан тұратын әскери күзеттің екі дивизионы мен ішкі күзеттің бір дивизионы, 98 арнайы үйретілген иттері бар топ, үш өрт сөндіргіш мәшине көтерілісшілер бекініп жатқан жерге басып кірді. Оларға жол салып, баррикадаларды талқандау үшін бес Т-34 танктері қолданылды. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткен тұтқындарға офицерлер мен бөлімше командирлері қару қолданды. Тірі қалған куәлардың айтуынша, құрбандардың саны бірнеше жүзге жеткен. Ал ресми құжатқа сүйенсек, қарулы қақтығыс кезінде 46 адам өлген, 61 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Әскерилердің ішінен 40 адам жаралы болған. Көтеріліске қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры оңай болған жоқ. Белсенділік көрсеткен 400 адам түрмеге жабылды, көтерілісті қолдаған 1 мың адам (500 әйел, 500 еркек) Магаданға, Озерлагқа жер аударылды. Көтеріліс текке кеткен жоқ. Ресми басшылық саяси тұтқындардың көпшілігінің ісін қайта қарауға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде Степлаг бойынша 8 мың тұтқын ақталып, бостандық алды. Кеңгір көтерілісі Степлагтың күйреуінің басы болды. 1955 жылдан бастап лагерьдің басқару әкімшілігі қысқартылып, Степлаг 1957 жылы мүлдем жабылды.

1936-1957 жылдар аралығында елімізге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, барлығы 1,5 млн адам жер аударылды. Қырым татарлары мен түріктер, гректер, қалмақтар өз еркімен келмеген. 1929-1931 жылдардағы көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, 883 атып жіберді. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланды.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болды. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасты. Олар – Алжир, Карлаг, Дальний, Степной, Песчанный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір, Өскемен лагерлері. Кеңгір және Жезқазғандағы бөлімше тұтқындары соғысқа дейін байыту фабрикасын салуға дайындалу барысында Кеңгір өзенінің су қоймасы мен жылу электр орталығының құрылысын бастады. Қаражал, Бұрма, Көктіңкөл, Ортау, Қызылтау, Просторный, Красная поляна, Бидайық, Атасу, Жарық, Өспен, Спасск, Батық, Қарсақбай, Байқоңыр, Жезді, Ақшатау, Теректі сияқты Арқа өңірінің үлкен елді мекендерінде пункттері жұмыс істеді. Дала лагері атанған Степлаг тұтқындарының жағдайы өте ауыр болды. Олар өндіріс орындарын салуда тегін жұмысшы күші ретінде пайдаланылды. Кеңгір көтерілісі басшыларының бірі болған К.И.Кузнецов баласына жазған хатында «Бізді қоғамға, мемлекетке, аса қауіпті жау деп көрсетеді. Шынында біз кімбіз? Біздің арамызда отырғандар профессорлар, инженерлер, техниктер, мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, генералдар мен офицерлер, солдаттар, нашар тұрмысы немесе құдайға сенгені үшін кінәлі болған қарапайым жұмысшылар мен колхозшылар» делінген.
Саяси қуғын-сүргін салдарынан конфортизм, бюрократизм, жағымпаздану секілді көптеген адами дамуға кереғар теріс түсініктер өмірден орын алып, тамырын тереңге жайды. Алаш зиялыларының «большевиктер ылаңы көпке кетер, биліктен кеткенше талайды былғап кетер» деген мазмұндағы даналығының ақиқатына біз куә болып отырмыз.

Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімін мәңгі ұмытпай, әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – парызымыз. Абзал ағаларымыздың қиын-қыстау жағдайдағы айнымас асыл ар-ожданын, парасатын қадірлеуіміз керек. Қуғын-сүргіннің қым-қуыт ізі тарихтан өшпестей орын алды. Алдағы уақытта да Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін жылдарын зерттеу маңызды мәселе болып қала берері анық.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.