Үйрету емес, ынта қажет

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мемлекеттік тілді үйрену мәселесі барша қазақстандықтарға сара жол, айқын бағыт салып бергені ақиқат. Бүгінгі таңда тілге деген құрмет те, талап та өсіп келеді. Қазақ тілін түбегейлі меңгерту, тіліміздің беделін, қажеттілігін арттыру мақсатында арнайы бағдарламалар әзірленген. Осы бағытта мемлекеттік тілдерді оқып-үйрену курстары ашылып, қазақ тілін білмейтін өзге ұлт өкілдері мен қандастарымызға дәріс беруде. Сәтбаев қалалық сотындағы мемлекеттік тілді дамытуға байланысты іс-шаралар жайында қалалық соттың бас маманы Айжан ЖАУЕНОВА әңгімелейді:

– Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты іс-шаралар Сәтбаев қалалық сотында толығымен қамтылған деп айтуға болады. Бізде мемлекеттік тілді қызмет бабында қолдануды дамыту жөнінде жұмыс тобының құрылғанына үшінші жылға аяқ басты. Бұл топқа Қ.Шайкамалов жетекшілік етеді. Мүшелері ретінде С.Бухарова және мен кірдім.

Аталған топ қалалық соттың шығыс құжат айналымының 100% қазақ тілінде жолдануын және құжаттардың сапалығын қадағалайды.

«Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңда көрсетілген талаптарды орындау және мемлекеттік тілдегі құжат айналымының санын арттыру мақсатында Сәтбаев қалалық сотының төрағасымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жөніндегі жұмыс жоспары бекітілген.

Бұл жоспарда мемлекеттік тіл туралы семинарлар, судьялар мен сот мамандарының семинар сабақтарын мемлекеттік тілде өткізу, жергілікті, республикалық басылымдарға қазақ тілінде сот жұмысы жайлы мақалалар жазу, жергілікті теледидарға сұхбаттар беру, мемлекеттік мерекелерде қазақ тілін, салт-дәстүрлерін насихаттайтын іс-шаралар өткізу, сот кеңсесінің іс қағаздарының мемлекеттік тілде дайындалу сапасына анықтамалар беру жұмыстарын ұйымдастыру көзделген. Бұл жұмыстар жүйелі түрде өтуде.

Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қаламызда қазақ тілінде жолдама хаттары немғұрлым аз келетін мемлекеттік органдарға, соның ішінде: Сәтбаев қаласының әкім аппаратына, қалалық Ішкі істер бөліміне, Салық басқармасына және қалалық прокуратураға қатынас хат-хабарлар мемлекеттік тілінде жолдану жөнінде ұсыныс хаттар жолданды. Бірақ мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарынан түсетін қатынас хаттар әлі күнге дейін орыс тілінде жолдануда.

Сәтбаев қалалық сотында кеңсе мен шығыс құжаттары мемлекеттік тілде жүргізіледі. Талап-арыздардың, өтініштердің және шағымдардың үлгілері қазақ және орыс тілдерінде дайындалып ілінген.

Қазіргі уақытта Сәтбаев қалалық сотынан Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына және оған теңестірілген аудандық соттарға, мемлекеттік мекемелерге хат-хабарлар толығымен қазақ тілінде жіберіледі, қазақ тілінде қаралатын істер бойынша орыс тілінде қатынас қағаздар жолдануына тиым салынған. Өткен жылы осы ісжоспарға сай қалалық сот мамандары арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты семинар-сабақ өткізілді.

Сондай-ақ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып, «Мерей» және «Балалық шақ» балалар үйінің өзге ұлтты тәриеленушілерінің арасында «Мемлекеттік тілмен – болашаққа» атты фестиваль ұйымдастырылды.

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында туындаған мәселелер бойынша қалалық сот мамандары арасында тұрақты түрде семинар-сабақтары жүргізіліп тұрады. Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасын таппақ. Көп тіл білу – көзқарастың кеңдігінің белгісі. Ал қазіргі уақыттың негізгі мақсаты – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, барша қазақстандық болып қазақ тілін үйренуге күш салу. Тілді үйрену үшін адамға бірінші үйрету емес, ынта қажет. Ал, ынта зор құрмет пен сыйластықтың аясында туындайды. Қадір тұтқан тілін үйренуге деген құмарлық адам бойын жеңбей қоймайды. Олай болса, «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», ағайын.

Дайындаған  Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.