Ақаудың арты – АПАТ

Қарағанды облыстық Ішкі Істер Департаменті жол полициясы басқармасының нұсқауымен Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімі жол полициясы бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен қаламызда қаңтар айының 23 мен 27 аралығында «Автобус» атты жедел алдын алу іс-шарасы өтті.

Акцияның мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалдау автокөліктерінде апаттық жағдайларды болдырмау, оның алдын алу және жол қозғалысы қатысушыларының арасында тәртіпті күшейту.

Жолаушылар көліктерін жүргізушілер арасындағы жол ережелерін бұзушылықты анықтауға және олардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алуға бағытталған рейдтер кезінде қала ішінде жүретін бағыттағы автобустар тексеруден өтті.

– Бұл шара барысында жол полициясының инспекторлары көлік құралдарының техникалық ахуалы мен конструкциясына, олардың қосалқы апаттық жағдайдағы шығатын есіктерінің жұмыс істейтіністемейтіндігіне, тізгін, тежегіш және жанармай жүйесінің ақауы бар ма, жоқ па дегенге баса назар аударуда. Бұған қоса көлікті қайта жабдықтаудың заңдылығы, реттелетін бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға берілген рұқсаты тексеріледі. Рейд аясында жолаушылар тасымалы тәртібін бұзған жалпы 26 автобус жүргізушісі қолға түсіп, әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен – 1, автобуста артық адам тасығаны үшін – 2, қозғалыс тәртібін бұзып, апаттылық жағдайды туғызуға себепкер болғаны үшін – 4, тіркеу құжаттарынсыз автокөлікті басқару бойынша – 1 және басқа да қоғамдық көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталды, – дейді қалалық жол полициясы бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы, полиция аға лейтенанты Самат Ақшалов.

Қоғамдық көліктің техникалық ақауы ауыр зардаптарға алып келетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Көп жағдайда жолдағы апаттар болымсыз ақаудан шығып жатады. Полицейлердің айтуынша, мұндай заң бұзушыларға қатысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жолаушылар көлігін пайдалануға тыйым салу шаралары қолданылмақ.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.