«Айнакөлдің» тағдырымен біте қайнасқандар

Олар жылдың қай мезгілі болмасын өз істерін адал орындап, тіпті кейде өз өмірлеріне қауіп төніп тұрса да, өзгенің өмірін сақтап қалушылар. Басты міндеттері – төтенше жағдайлардан тұрғындарды қорғау, құтқару және өмір қауіпсіздігін ұйымдастыру, суда болатын апатты жағдайлардың алдын алу және болдырмау. Бүгін Сәтбаев қалалық суда құтқару стансасының құрылғанына 10 жыл толды. Осыған орай біз аталмыш мекеменің басшысы Нұрбала Жапенұлы БАЙЗАҚОВПЕН кездескен едік.

– Біздің стансаның тарихы 2002 жылдың 1 ақпанында кішкентай вагоннан басталған еді. Ол кезде бар-жоғы 3 адам ғана жұмыс істедік. Қазіргі таңда біздің штатта 8 маман қызмет істейді. Олар – ІІ категориялы 3 классты сүңгуші-құтқарушылар Мұрат Байманов, Ербол Жәнібеков, Қайсар Бимұратов және Владимир Говцев, І категориялы 2 классты сүңгуші-құтқарушы Берік Хұсайынов. Сонымен қатар, аға медбибі-құтқарушы Саракүл Әліманова мен профилактикалық жұмыстар бойынша әдіскер Алмагүл Дауылбаева. Сәтбаев қалалық суда құтқару стансасының профилактикалық аймағына 9 көл, 9 өзен, 4 су қоймасы, 7 жасанды су қоймасы, 15 сужинағы, 1 ССК-дегі бассейн және Ұлытау ауданының су қоймалары кіреді.

– Төтенше жағдайларды болдырмау үшін қандай іс-шаралар жүргізіледі?

– Суда төтенше жағдайларды болдырмау және олардың алдын алу үшін Сәтбаев қаласы мен Ұлытау ауданының тұрғындары арасында жыл бойы үздіксіз профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп мектептер мен басқа да білім ордаларында «Мұз үстіндегі қауіпсіздік», «Жаралыға алғашқы дәрігерлік көмек көрсету», «Судағы қауіпсіздік ережелері» және басқа да тақырыптарға әңгімелер өткізіп тұрамыз. Жаз мезгілінде ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп «Айнакөлдің» айналасында рейдтік жұмыстар өткіземіз. Бұл жұмыстардың барлығы да қашаннан қалыпты жолға қойылған.

– 2010 жылдың қаңтар айынан бастап сіздер республикалық бюджетке қарадыңыздар. Содан бері жұмыстарыңызда қандай оң өзгерістер болды?

– Ең біріншіден, айлығымыз өсті. Материалдық-техникалық базамыз нығайды. Компрессор, компьютер, құтқару құралдары мен тағы басқа көптеген жабдықтар алдық. Жанармай, жағармаймен де тұрақты қамтамасыз етілдік. Станса да, жұмыскерлер де керек-жарақпен толық жабдықталған.

– Ұжымдағы жетістіктеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

– Сәтбаев қалалық суда құтқару қызметкерлерінен құралған команда жыл сайын облыстық, қалалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатыр. Өткен жылы Қарағанды қаласында өткен судағы төтенше жағдайлардың алдын алу көпсалалы құтқару сайысы облыстық методикалық оқу-жаттығу жиыны «Нептун2011» атты жарысқа қатыстық. Сонымен қатар, біздің команда салауатты өмір салтын насихаттау барысында Жезқазған аймағының мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында өткен «Құтқарушылар күніне» арналған мини-футбол мен теннисқа және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған хоккей спорттық ойындарға қатысты. Қала өміріне қатысты қоғамдық шаралардың бәріне де белсене қатысамыз.

– Сіздерді де, тұрғындарды да толғандыратын мәселенің бірі – «Айнакөл» су қоймасының бүгінгі жағдайы. Сол жайында айтсаңыз…

– «Айнакөлдің» қазіргі жағдайы сын көтермейтін деңгейге жетті. Су қоймасы облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына берілгеннен бері «Айнакөлге» су құю доғарылды. Бүгінгі күні су өз деңгейінен 500-600 м. төмендеді. Бұл сұрақты біз облыстық қаржы басқармасына, облыстық тұрғын-үй шаруашылығына, облыстық әкімдікке дейін көтерген едік. Бірақ, олар өз дәрменсіздігін көрсетті. Мен өз басым, қала тұрғыны, қала патриоты, басшы ретінде бұл сұрақты көтеріп келемін. Бірақ, не біздің әкімдіктен, не облыстық әкімдіктен көмек келген жоқ. Жалпы «Айнакөлдің» жер астында 9 көз бар. Бұрындары солардан су келіп тұратын. Қазіргі кезде ол көздер бітеліп барады. Жезқазған қаласына қарасты «Кеңгір» су қоймасынан бізге су құйылуы керек еді. Бірақ олар да су құймай отыр. Егер басшылық тарапынан ешқандай көмек болмаса, «Айнакөл» болашақта Арал теңізінің кейпін киюі мүмкін. Олай болған жағдайда біздің қорда су жоқ болып кетеді, сөйтіп, біз тек жаңбыр суымен ғана отыратын боламыз. Біздің дабыл қағып, мәселе көтеріп отыруымыздың себебі де осы. Қазіргі кезде көлдің деңгейі өте жаман, судың сапасы нашар, судағы балықтар түрлі ауруларға шалдыққан. Ал, бұл мәселені шешуге арналған арнайы бағдарлама жоқ, біз өз еркімізбен барынша жұмыс істеудеміз, бірақ нақты қаржылай қолдау болмағандықтан оның нәтижесі болмай жатады. Әрине, қаржыландыру болашақтың ісі болғанымен, уақыт талабы оны күттірмейді. «Айнакөлдің» жағалауында жыл сайын жүздеген адам демалып, жандарына сая табады. Сондықтан бұл су қоймасын сақтап қалу – қазіргі ұрпақтың болашақ алдындағы борышы.

– Әрине, қаламыздағы жалғыз су қоймасының мұндай күйге душар болғаны өте өкінішті. Бұл тек сіздердің жандарыңызға бататын мәселе емес, жалпы қала тұрғындарын ойландыратын сұрақ. Сондықтан осы сұрақ алдағы уақытта өз шешімін табады деген сенімдеміз. Ал, енді, бүгінгі мерейтойларыңызға орай, әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.

– 10 жыл деген аз да, көп те емес уақыт. Осы жылдарда бірге қызметтес болып келе жатқан барлық әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын! Отбастарына бақыт, еңбектеріне жеміс тілеймін. Көліміз суға толып, жеріміз нуға бөленсін!

10 жылдың ішінде қаламыздың суда құтқару стансасының қызметкерлері стансаның қалыпты жұмыс істеуіне, өркендеуіне үлкен үлесін қосты. Оның ішінде осы мекемені 10 жыл бойы басқарып келе жатқан Нұрбала Байзақов төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға белсенді қатысқаны және Қазақстан Республикасы тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы табыстары үшін өткен жылы Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар Министрі В.Божконың Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл шағын ұжым үшін үлкен дәреже. Өміріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қызмет атқаратын құтқарушылардың орны бөлек. Олардың еңбектері осы соңғы жылдары ғана бағаланып келеді және бұл үрдіс келекшекте де өз жалғасын табады деген үміттеміз. Мерейтойларыңыз құтты болсын, құтқарушылар!

Әңгімелескен Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.