Жазғы эстрададағы жайлы кеш

Балаларды қорғау күні қаламызда ұйымдастырылған шаралар қатары аз болмады. Дәл осы күні кешкісін Кеншілер алаңындағы жазғы эстрадада демалыс күндері өтетін кешкілік концерттің ашылу салтанаты өтті.

Жыл сайын жазда қаламызда көңілді кеш ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ал, оған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мұрындық болып келеді. Биыл да осы аталмыш шара салтанатты түрде шымылдығын ашты. Онда мәдени-сауық орталығының «Нұршашу», «Маюри Девдас» би топтары, «Сазды әуен» вокал үйірмесінің тәрбиеленушілері, оқушылар сарайының «Жас дәурен» үйірмесінің оқушылары өз өнерлерін қала тұрғындарының назарына ұсынды.

Салтанатты түрде ашылған кеш барысында Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманова қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, дәстүрлі кештің алдағы уақытта қаламыздың шағын аудандарында жалғасын тауып, үрмелі аспаптар оркестрі, көркемөнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, сондай-ақ спорттық ойындар және кітапханашылардың жаңа кітаптармен таныстыру кештері өтетінін тілге тиек етті.

Атап өтейік, балаларды қорғау күніне арналған концерттік бағдарлама барысында кішкентай тұрғындар арасында викториналық ойындар ойнатылып, іс-шара балаларға арналған би кешімен қорытындыланды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.