Елді мекендер мен оның құрамдас бөліктері және оларға атау беру мәселесі

– Мадинат Балтина, Қазақстан Республикасы әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының жүйесiне қандай әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер кiредi?

– Ауыл, кент, ауылдық округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс – бұлар әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер болып табылады.

– «Елдi мекенге» түсінік бере кетсеңіз.

– Елдi мекен – республика аумағының халық жинақы орналасқан, кемiнде 50 адамы бар, азаматтардың шаруашылық және басқа қоғамдық қызметi нәтижесiнде қалыптасқан, заңда белгiленген тәртiпте есепке алынған және тiркелген, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басқаратын бiр бөлiгi. Қазақстан Республикасы аумағындағы елдi мекендер қалалық және ауылдық елдi мекендерге бөлiнедi. Қалалық елдi мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы қалалар, сондай-ақ олардың әкімшілік бағыныстылығының аумағындағы кенттер; ауылдарға – олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан қалған барлық елдi мекендер жатады.

– Елдi мекендердің құрамдас бөліктеріне нелер кіреді?

– Шағын аудандар, алаңдар, даңғылдар, бульварлар, көшелер, тұйық көшелер, саябақтар, скверлер, көпірлер және басқа да бөліктер елді мекендердің құрамдас бөліктері болып табылады.

– Елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау кезінде қандай Заңдарға сүйенеміз?

– Елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру мәселесінде Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» №138 Қаулысын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының 25-5 бабының 5-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген қазақ тарихындағы аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген тарихи тұлғалар тізімі негізінде жүзеге асады.

– Биылғы жылы біздің қаламызда қандай құрамдас бөліктерге атау беру жоспарланды?

– Қаламызда жаңадан бой көтерген 8-шағын ауданына және ондағы атауы жоқ сегіз көшеге атау беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.