Сегіз перзент өрбіткен

Бақыт деген не? Ол туралы әр адамның түсінігі әртүрлі. Біреулер ауқатты тұрмысын бақытқа баласа, екіншілері лауазымды жұмыс атқарғанына мәз. Ал, Бижігітовтер отбасының анасы Меруерт Жалғасбайқызының түсінігі өзгеше. Ол әлемнің жарығын сегіз перзентіне сыйлағандығын нағыз бақыт деп санайды.

Ол – Сәтбаев қаласының тумасы. 2001 жылы Айдос Бижігітовпен шаңырақ көтеріп, ата-анасының ақ батасымен ұзатылған Меруерт Бижігітовтер әулетінің табалдырығын аттады. Биязылығымен, ақ көңілімен сыйлы келін атанды. Содан бері сегіз құрсақ көтеріп, шаңырақты Зарина, Мадина, Сабина, Мирас, Мәрия, Кәусар, Іңкәр, Қасиет есімді ұл-қыздармен толтырды. Жарасымды күлкісімен, көтеріңкі көңілмен дастархан басын қаумалаған балаларды көргенде әулет үлкендері ақ батасын беріп жатады. Әкесі де марқайып: «Осылар ғой менің байлығым» деп мақтанады.
Көп балалы отбасынан шыққан ерлі-зайыптылар балалардың тұлғалық қасиетінің жақсы-жаман болып қалыптасуына тәрбиенің әсері мол екендігін анық ұғынған. Соңғы кезде жастар арасында ажырасу фактісінің жиілеу себебін сұрағанымызда «адам кішкене кезінде көргенін, ұққан дүниелерін есейгенде өз балаларына береді. Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген сөз тегін айтылмаған. Жастар ойланып барып үйленсе көп қиындық шешілер еді», деген жауап қайтарды.
– Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын, азаматтардың бақуаттылығын арттыруға баса мән беріп, мемлекеттің іргетасы берік отбасы, үлгілі шаңырақтан басталатындығына айрықша тоқталады. Ұйымшылдық, бауырмалдық секілді үлкенді сыйлап, кішіге ілтипат көрсетер қасиеттерді кейінгі ұрпаққа жалғастыру, осы құндылықтарды насихаттауды арттыра түсуіміз керек. Шамамыз келгенінше үйде ана сүтімен бойымызға сіңген салт-дәстүрлерімізді сақтап, қазақ отбасына тән асыл қасиеттерді қастерлеуге тырысамыз, – деген Меруерт жақында қаламыздағы Абай көшесіндегі 97 үйден төрт бөлмелі пәтерге ие болғандығын айтып, ел ағаларына алғысын білдірді. Қоныс тойын тойлайтын күн де алыс емес. Балалар мерекесіне орай отағасы еңбек ететін Оңтүстік Жезқазған кенішінің кәсіподағы, «Жастар-Болашақ» қоғамдық бірлестігі де қомақты тарту- таралғы жасап, балаларды қуанышқа бөледі.
Салиқалы әулеттің ұрпағы ретінде еліміздің өркенді жетістігін, ата тегін, туған жерін әспеттеп, құндылығын балалардың құлағына құйып отыратын Меруерт Жалғасбайқызының бойынан нағыз қазақылықты танығандай болдық. Өйткені, ол адам ғұмырының мәні мен мазмұны отбасының мызғымас бірлігінде екендігін, отбасының қоғам тірегі екендігін анық түсінген абзал ана.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.