Қорданың ордасына айналған алаң

Қала әкімі Бауыржан Шыңғысовқа 74-кварталдың тұрғыны Рүстембек Сәлкеновтің атынан мынандай мағынадағы өтініш келіп түсті: «…Біздің квартал мен «қазақ ауылы» үйлерінің арасында бос алаң бар. Бұл жер жыл бойы қоқыстың үйіндісінен арылмайды. Осы жағдайды жөнге келтіруге көмектессеңіз…».

Тұрғынның өтінішінде көрсетілген алаң Молдағұлова мен Бұлқышев көшелерінің арасында орналасқан. Сәтбаев қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерімен осы жерге келгенімізде, төбе-төбе болып жатқан қоқысты трактор бір жерге үйіп жатса, «КАМАЗ» көлігі қала сыртына шығарып жатыр екен. Осы ауданға бекітілген электр желілері кәсіпорны директорының орынбасары Р.С.Сагидуллин: – Қаншама жыл болды, осы жердің қоқысын жинап, шығарумен келеміз. Тұрмыстық қалдықтарды айтпағанда, қорда, ит-мысық, мал өлекселерін де тұрғындар осы жерге әкеліп тастайды, – деп айтқанынша, бір үлкен кісі иттің өлексесін сүйрелеп алып келді. – Апа, мынауыңыз не?! – деп едік: – Көшеде жатыр екен. Қатып қалыпты. Ертең жер жібігенде сасиды ғой. Енді қайда апарам, осында алып келдім, – дейді қария.

– Осы ауданға жетісіне бірнеше рет қоқыс жинайтын көлік келеді. Тұрғындар оның жүру кестесін де жақсы біледі. Ал, істейтіндері мынау, – дейді қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Серік Оразбаев.

– Шырағым, оның рас, – деп құптады апай. – Мен өзім осы жердің тұрғындары үшін ұяламын. Малдың қордасын жыл бойы төгіп шығады. Оны айтасың, сырттан көлікпен келіп қоқыс төгетіндер де бар. Өз көзіммен көрдім.

– Кезінде бұл алаңда футбол қақпасы, баскетбол қалқаны да болды. Бәрі сындырылып, іске аспай қалды, – деп сөзін жалғастырды Серік Төкенұлы. – Тұрғындарды жинап, әңгіме-дүкен құрайық десек, жиналмайды. Ендігі шара – осы маңда ыңғайын тауып бейнебақылау қою, сосын айыппұл салу. Қашанғы бұл жерді коммуналдық мекемелерге жината береміз?! Мерзім сайын 20-30 көлік қоқыс шығарылады.

Шын мәнінде, «не болса ол болсын, өз аулам таза болса болды» деп ойлайтын тұрғындардың бұл қылығы басынғандық қой. Ақырында, бұл жер неше түрлі аурудың ордасына айналмасына кім кепілдік береді?! Қоршаған ортаны ластап, осындай бассыздық жасап отырғандарға қатаң жаза қолданатын кез келген сияқты.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.