Дарынды жастар байқауы

Қаңтар айының соңғы күнінде балалар өнер мектебінде «Жас талант – 2012» домбырашылар мен қобызшылардың қалалық байқауы өтті. Аталмыш мектептің халық аспаптар бөлімі ұйымдастырған бұл іріктеу сайысына Сәтбаев қаласы және Весовая елді мекеніндегі музыка мектебінің жиырмаға жуық оқушылары қатысты.

Оқушылардың музыкалық-эстетикалық тәрбиесін жетілдіру мен орындаушылық шеберліктерін арттыруды, сонымен қатар, қазақ күйлерін насихаттау мен өнерпаздар қатарын дарынды жаңа буын өкілдерімен толықтыруды мақсат еткен бұл байқауда оқушылар екі топқа бөлінді. Біріншісінде ортаңғы топтың, екіншісінде жоғарғы топтың өнерпаздары бақ сынасты.

Жас таланттардың шығармашылығын қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында балалар өнер мектебінің директоры Р.Бурда, мектептің ғылыми-әдістемелік жұмысы бойынша директордың орынбасары Ж.Амралинова, халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Ш.Апаканова, халық аспаптар бөлімінің оркестр жетекшісі, домбыра мұғалімі О.Сейдахметов және Весовая елді мекенінің №2 балалар музыка мектебінің домбыра мұғалімі Қ.Рахымбекова болды. Байқауды балалар өнер мектебінің директоры Р.Бурда ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқаудың қорытындысы бойынша сайысқа белсенділік танытып, қатысқандары үшін А.Ысқақова мен А.Зинадин марапатталды. Ортаңғы топ арасында ІІІ орынды Ә.Наушаруан, О.Ахметов, Н.Жәкенов, ал ІІ орынды А.Мұқышева, С.Сәкенова иеленді. Сонымен бірге, ІІ орынды иеленген А.Ескендірова, І орынды жеңіп алған И.Боранбаев, жоғарғы топта ІІ орынды иеленген М.Өтеш пен А.Абылқасымова және балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі мен оркестрі Қарағанды қаласында өтетін облыстық байқауға жолдама алды.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.