Әріптестікті нығайта түспек

Сәрсенбі күні «Қазақстан» спорттық-сауықтыру орталығында мемлекеттік қызметкерлердің XXI спартакиадасы жалауын көтерді.

Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Ұлытау ауданының намысын үкілеген командаларды қала әкімінің орынбасары А.Төлендина құттықтап, жеңіс пен сәттілік тіледі.

– Әрбір елдің дамуы мен өсіп-өркендеуі мемлекеттік қыз-
метшілердің сапалы қызметіне тәуелді болса, сапалы қызмет атқару үшін олардың салауатты өмір салтын ұстануы – маңызды факторлардың бірі. Мұндай басқосулар салауатты өмір салтын қалыптастыруға және денсаулықты нығайтуға ықпал етеді. Осы бәсекеде әрқайсыларыңыз айқын басымдық танытып, шеберліктеріңізді көрсетіп, тамаша жеңістеріңізбен қуантады деген ойдамыз, – деді.

Қазақстан Республикасының әнұраны орындалғаннан кейін спартакиада ашық деп жарияланып, қазылар алқасының құрамы таныстырылды. Волейболдан Б.Мұқанов, үстел теннисінен Р.Габиев, шахматтан Ә.Молдағалиев, шағын футболдан Б.Бадағұлов, суда жүзуден Н.Ткаченко, жеңіл атлетикадан В.Коник, армрестлингтен Ю.Апарин қатысушылардың физикалық дайындығын сынға алып, жеңімпаздарды анықтады.

Спорт – біріктіруші күш. Әсіресе, командалық ойындар арқылы әріптестіктің нығая берері сөзсіз. Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған дүбірлі додада жалпы командалық есеп бойынша Сәтбаев құрамасы бірінші, Жаңаарқа құрамасы екінші, Жезқазған құрамасы үшінші орынды жеңіп алды.

М.АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.